Банк секторы қандай өзгерістерді бастан кешуде?
Соңғы 10 жылды 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның банк секторы сан алуан өзгеріске ұшырады. Десе де негізгі тінінен ажыраған жоқ. Солқылдақ кезеңдер болғанына қарамастан, түрлі сын-қатерден аман өтті. Сектор бәсекеге қабілетті екенін байқатты. Иә, банктердің басым бөлігі мемлекеттен қолдау алған. Әлі күнге алушылар да бар. Алайда Қазақстанның банк секторы дағдарыстарға жұтылмаған, заманауи экожүйені қалыптастыруда көп елден көш ілгері озған сала болып есептеледі.
Әсіресе, соңғы бірнеше жыл қысымға толы болды: пандемия, геосаяси ахуал, инфляция өсімі, санкция. Десе де осы қысылтаяң сәттерден отандық банк секторы қиналмай өтті деуге негіз бар.
Jusan Analytics сарапшыларының айтуынша, соңғы 10 жылды 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:
- Жаһандық қаржы дағдарысынан кейін күрт қалпына келуі және банк активтерінің жедел көбеюі;
- 2015-2016 жылдары әлемдік шикізат нарығындағы конъюнктураның нашарлауы жағдайында осыған дейін жинақталған тәуекелдер іске қосыла бастады және қаржы институттарының қызметінде көрініс берді. Көптеген кәсіпорынның төлем қабілеті әлсіреді, жағымсыз экономикалық жағдай көптеген банктің тәуекелге төтеп беру мүмкіндігін азайтты;
- Бірқатар банк өз бизнесін бөлшек сегментке бейімдеу арқылы жергілікті дағдарыстан сытылып шығу мүмкіндігін таба бастады. 2018-2019 жылдардан бастап банктер жаңа технологияларды белсенді енгізуге, экожүйе құрып, азаматтардың күнделікті өміріне араласуға кірісті. COVID-19 пандемиясы бұл процесті (цифрландыруды) одан әрі жеделдетті.
Отандық банк секторы туралы айтқан кезде банктердің бірігуі, жұтылуы және пайда болуы туралы кезеңді аттап өте алмаймыз. Солардың ішіндегі ең сүйектілері мыналар:
«Казком» және Halyk.
Ұлттық банк 2017 жылы 12 маусымда Halyk-тың «Казкомды» сатып алуына рұқсат берді. Бірігу 2018 жылы 28 шілдеде аяқталды.
ForteBank және Kassa Nova.
2018 жылы 14 желтоқсанда ForteBank «Nova Лизинг» компаниясына тиесілі Банк Kassa Nova-ның 100 пайыз акциясын сатып алды. Мәміле 2019 жылы мамырда аяқталды.
First Heartland Bank және «Цеснабанк».
2019 жылы ақпанда «Цеснабанктің» 99,5 пайыз жәй акциясын First Heartland Securities сатып алды. Компаниян банкті қосымша капиталандырды және 2019 жылы 29 сәуірде қаржы институтына ребрендинг жасады. 2019 жылы қыркүйекте Jusan Bank пен First Heartland Bank бірігуді аяқтады.
Jusan Bank және АТФ.
2020 жылдың соңында АТФ акциясының 99,76 пайызын Jusan Bank сатып алды.
Freedom Finance және Kassa Nova.
Freedom Finance 2020 жылы тамыздың басында Банк Kassa Nova-ны сатып алуға ниеті екенін мәлімдеді. Мәміле 2020 жылы желтоқсанның соңында жабылды. 2021 жылы 15 қаңтарда банк «Банк Фридом Финанс Казахстан» деп қайта аталды.
БЦК және Альфа.
2022 жылы 6 сәуірде «Банк ЦентрКредит» «Альфа-Банк» ЕБ АҚ 100 пайыз жәй акциясын сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. 13 мамырда банк «Eco Center Bank» АҚ деген атауға ие болды.
«Сбер» және «Бәйтерек».
2022 жылы 2 қыркүйекте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі ресейлік еншілес банктің бүкіл акция пакетін сатып алу бойынша мәмілені тәмамдады. Сол жылдың қазан айында ресейлік еншілес банк Bereke Bank болып өзгерді.
Банктердің қазіргі даму қарқыны тәп-тәуір. 2012 жылдан бері қаржы институттарындағы жиынтық актив көлемі 3 есе өсіп, 45 трлн теңгеге жетті (2022 жылдың аяғында). Алайда қарыз портфелінің көлемі кішірейді. Атап айтқанда, оның үлесі 2012 жылғы 84 пайыздан 2022 жылғы 54 пайызға дейін төмендепті.
«Тарихи тұрғыдан алғанда банктердің Қазақстан экономикасының өсіміне қатысуы төмен болды. 2017 жылдан бастап ЖІӨ-дегі кредит көрсеткіші 25 пайыздан аспады (бұрын 30-35 пайыз болып келген). Бұл әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Посткеңестік елдер арасында бізден төмен көрсеткіш Тәжікстан, Молдова және Украинада ғана. Әлемдегі орташа көрсеткіш 58 пайызға жуықтайды», деп мәлімет береді.
Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2022 жылдың соңында 7,9 млн адамның атында тым құрығанда бір тұтынушылық кепілсіз займ болған. Бұл жалдамалы қызметкерлердің – 114, ал елдегі жұмыс күшінің 84 пайызы. 1,5 млн адам займ бойынша төлемді кешіктіріп отыр (90 күннен асқан). Бұл – бүкіл қарыз алушының 20 пайызы.
«Халықтың несие жүктемесін жеңілдету үшін мемлекет тұрақты шаралар қабылдап келе жатыр. 2020 жылы қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу жолымен төлем қабілеттілігін есептеу әдісіне өзгеріс енгізілді. Егер қарыз алушының бүкіл займы бойынша ай сайынғы төлемі табысының 50 пайызынан асып кетсе, онда банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа кредит бере алмайды. Дегенмен қарыз жүктемесі өсуін жалғастыруда. Біздің бағалауымыз бойынша, тұтынушылық шығындардың 80 пайызға жуығы кредит ресурстары есебінен игеріледі. Бұл ретте 2022 жылдың соңында аталған көрсеткіш 50 пайызға жуықтады. Тұтынушылық займнан бөлек ипотека да өсіп жатыр. Соңғы 3 жыл бойы банктердің ипотекалық портфелі екі есе артты және бөлшек қарыз портфелінің 35 пайызын алып отыр», дейді Jusan Analytics сарапшылары.
Соңғы жылдары қаптап шыққан түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі мұндай өсімге себеп болғаны айтпаса да түсінікті.
Банктер мәселесі туралы сөз қозғағанда қорландыру жайлы айтпай кетуге болмайды. Қаржы институттарының қорландыру құрылымында негізгі үлесі клиенттердің салымы еншілейді. Оның үлесі шамамен 71 пайыз төңірегінде екен. 2022 жылдың қорытындысы бойынша депозит портфелінің көлемі 31,6 трлн теңгені құраған. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен (8,5 трлн теңге) 3,5 есе көп.
2012 жылы бүкіл салымның 60 пайызын құрап тұрған заңды тұлғалар салымы сол кезден бері төмендеп келе жатыр. 2022 жылы корпоративтік секторға бүкіл депозиттің 47 пайызы ғана тиесілі болды. Ал бөлшек депозит портфелі болса соңғы 10 жыл көлемінде 3,4 трлн теңгеден 17 трлн теңгеге дейін шарықтап өсті.
«Шұғыл салымдар құрылымында икемді шарттарға депозиттер басымдыққа ие. Бұл өз кезегінде қорландыру көздерінің құбылмалы болу қаупін тудыруда. Банктердің ұзақ мерзімді қорландыру үлесін арттыру мақсатында 2018 жылы жеке тұлғалар үшін салымдардың жаңа классификациясы әзірленді: тұрақты – жинақтама және белгіленген мерзіммен, икемді – шұғыл емес. 2022 жылдың төртінші тоқсанының соңындағы жағдай бойынша тұрақты қорландыру үлесі небәрі 6,5 пайыз болды. Ал қорландыру деңгейі жеткілікті болмаса банктер ұзақ мерзімді кредит беруде біршама қиындыққа тап болады», дейді сарапшылар.
Былтыр жыл соңындағы ақпар бойынша, долларлану деңгейі 31,6 пайызға дейін төмендеді, шамамен 10 трлн теңгеге (валюталық несие – 1,9 трлн теңге). Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар салымдарының валюталық құрылымы бірдей десе болады. Алайда үнемі олай болған жоқ: заңды тұлғалар негізгі валюта ретінде ұлттық валютаға басымдық берсе, жеке тұлғалар теңгеге тек еркін айырбас бағамы енгізілгеннен кейін ғана қызығушылық таныта бастады.
Депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, соңғы екі жылда бөлшек клиенттер салымының көлемі орташа алғанда тоқсан сайын 0,7 трлн теңгеге өсіп келеді және соңғы дерекке қарасақ оның көлемі 16,7 трлн теңгеге жетті (ислам банктерін есептемегенде).
«Бұл қаражат 127,4 миллионнан астам шотта жинақталған. Яғни елдегі әрбір тұрғынның банктерде кемі 6-7 шоты бар. Бөлшек депозит портфелі құрылымында ұлттық валюта салымдарының үлесі көп. 2022 жылдың төртінші тоқсанында олардың үлесі 66 пайыз болды. Долларсыздандырудың белсенді кезеңі 2016 жылы болды. Ол кезде теңгелей депозиттердің үлесі 17 пайыздық тармаққа дейін өскен болатын. Біздің бағалауымызша, қазіргі экономикалық реалия жағдайында салымдарды одан әрі елеулі құрылымдық долларсыздандыру екіталай. Қазақстандықтар теңгемен жинақты қазіргі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жинайды. Ал ұзақ мерзімді мақсатта депозитті шетел валютасымен жинауды құп көреді. Бұл ішкі бағаның курс құбылмалылылығына тым тәуелді болуымен байланысты», деп ой қорытады Jusan Analytics.