Жаңалықтар

Еліміздің екінші деңгейлі банктеріне Қазақстаннан қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат берілді

Фото: kursiv.media

Еліміздің екінші деңгейлі банктеріне Қазақстаннан қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат берілді. Осыған байланысты Үкіметтің қаулысы жарияланды.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы No 830 Жарлығының 1-1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы қаулы етеді: Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерiне Қазақстан Республикасынан қолма-қол ресей рублiн әкетуге рұқсат етiлсiн. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша осы қаулының 1-тармағын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын», делінген құжатта.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болады.

«Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы 22 мамыр күні «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған болатын.

Ал 23 мамыр күні Ұлттық банк Рубльді экспорттау – шетел валютасына қатысты теңгерімсіздікті жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Онда банктерге Қазақстаннан қолма-қол рубльді әкетуге рұқсат беру қолма-қол шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті тегістеуге бағытталған алдын алу шараларының қажеттілігінен туындап отырғаны айтылды.