Назарбаев қорымен байланыстырылып келген Jusan Bank Ғалымжан Есеновтің иелігіне өтеді

Жарияланды
Фото: shutterstock

Осыған дейін Jusan Bank акцияларының 20%-ын иеленіп келген Ғалымжан Есенов енді қаржы құрылымына толықтай иелік етуі ықтимал. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, банк акцияларының қалған 80%-ы да енді Есеновтың иелігіне өтпек. Сатушы осы уақытқа дейін Назарбаев қорымен байланыстырылып келген британдық Jusan Technologies компаниясы. Басылым ақпаратына сәйкес, мәміленің шарттары таяу арада жария етілмек.

Тараптар Jusan мен АТФ қосылғаннан кейін Ғалымжан Есенов иелене бастаған акциялар пакетін ұлғайтуға келісіп отыр. Келісімде сондай-ақ, Есеновке осы уақытқа дейін берілмеген дивидендтер мен оның үлесін бағалаудағы айырмашылық ескеріледі.

Ақпаратқа сәйкес, Jusan Technologies Есеновке «Қазақтелеком» акцияларының 9%-ы мен Kcell ұялы байланыс оператырының 15% акцияларын береді.

Бұған дейін, Jusan Bank 10 тамызда акционерлердің кезектен тыс жиналысы өтетінін хабарлаған болатын. Күн тәртібінде мынадай мәселелер көрсетілген:

  • банк акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының күн тәртібін бекіту;
  • -банктің 2020 жылдың 20 қарашасындағы «АТФБанк» АҚ жай акцияларын атып алу-сату шартына оны жасауға мүдделілік бар мәміле, сондай-ақ банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалардың қатысуымен жасалатын мәміле болып табылатын № 3 қосымша келісім жасасуы;
  • банктің Директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату; –
  • банктің Директорлар кеңесінің сандық құрамы мен өкілеттік мерзімін айқындау;
  • банктің Директорлар кеңесінің мүшелеріне өз міндеттерін орындағаны үшін сыйақылар мен өтемақыларды төлеу мөлшерін және шарттарын айқындау;
  • банктің Директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау.

Акционерлер реестрінде көрсетілгендей, Jusan Bank яғни «First Heartland Jusan Bank» АҚ акционерлері  «First Heartland Securities» АҚ (78,23%) мен Ғалымжан Есенов (19,67%).

Ал, «Курсив» басылымы ақпан айында » First Heartland Securities» АҚ иесі британдық «Jusan Technologies» компаниясы екенін, бұл өз кезегінде америкалық «Jusan Holdings» компаниясына тиесілі екенін жазған болатын. Ал, америкалық компанияның түпкі бақылаушы тарапы New Generation Foundation эндаумент-қоры. Бұл қордың бенефициары Pioneer Capital Invest, топтың 2022 жылға дейінгі меншік иесі «Даму қоры», «Әлеуметтік даму қоры» және елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрған «Назарбаев қоры».

2023 жылдың 21 ақпаны күні Алматы қаласының Бостандық аудандық соты First Heartland Securities қаржы ұйымының мажоритарлық акционеріне тиесілі Jusan Bank-тің қарапайым және артықшылығы бар  акцияларына тиым салғаны хабарланған болатын.

Ал, 16 ақпан күні Бас прокуратура Jusan тобы активтерін бақылауды Қазақстанға қайтаратынын мәлімдеген.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады, беп хабарлаған Бас прокуратурың баспасөз қызметі.

2022 жылғы маусымда елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап, Бас прокуратура қаржы жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізген.

Талдау барысында топ активтерін басқару құрылымын өзгерту көлеңкелі схемасы анықталған. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтіп кетіпті.

«Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді» деп хабарлаған еді Бас прокуратура.

Сондай-ақ оқыңыз