Отбасы банк коммерциялық несиелеу нарығынан жеке қаржы ұйымдарын ығыстыра ма?
Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінің бағалайынша, Отбасы банкі мемлекеттік қаражатпен жұмыс істей отырып, коммерциялық ипотекалық кредиттеу нарығына кіріп, одан жеке қаржы құрылымдарын ығыстырған.
Бұл туралы Агенттік әзірлеген 2022 жылдың қорытынды есебінде айтылған.
Ақпаратқа сәйкес, Отбасы банкі – жеңілдікті кредиттеу арқылы тұрғын үй нарығындағы сұранысты қолдайды.
«Оның негізгі міндеті тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін, яғни қаржы нарықтарында ұсынылмаған өнімді құру болды. Бұл базалық өнімнің шарты 3 жыл ішінде ең төменгі жинақ сомасын жинақтау. Бүгінгі күні тұрғын үй жинақтарын дамыту тұжырымдамасын алмастыратын Банктің осындай «гибридті» өнімдерінің үлесі жалпы портфельдің 83%-ын құрайды делінген ақпаратта.
БҚДА бағалауынша, 2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Отбасы банкінің кредиттік портфелі 50%-ға өсіп, 2,1 трлн. теңгені немесе ипотекалық кредиттердің жалпы көлемінің 60%-ын құрады.
«Осылайша, тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесін іске асырудың орнына, Отбасы банкі мемлекеттік қаражатпен жұмыс істей отырып, коммерциялық ипотекалық кредиттеу нарығына кіріп, одан жеке қаржы құрылымдарын ығыстырды», делінген есепте.
Бұған дейін, мемлекеттік бағдарламалардың операторы «Курсив» тілшісінің сауалына жауап берген еді. Онда 2016 жылдан бастап 2023 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде «Отбасы Банк» АҚ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 664,71 млрд теңгеге 64,4 мың заем бергені айтылған болатын.
Қаржы министрлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ жобаларды қаржыландыру үшін берілетін несие шарттарын бекітетіні туралы хабарлап, оның қаулысын «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына алдын ала және аралық тұрғын үй қарызын беру үшін 12,2 млрд және 39,7 млрд теңге беріледі. 12,2 млрд теңгені банк 2 пайыздық несие (Бақытты отбасы бағдарламасы) ал 39,7 млрд теңгені 5 пайыздық несие беруге ( Шаңырақ бағдарламасы) жұмсайды», – деп көрсетілген құжаттың жобасында.
«Бюджеттік кредит қарыз алушыға «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында 231 «Алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 12197670000 (он екі миллиард жүз тоқсан жеті миллион алты жүз жетпіс мың) теңге сомасында беріледі», – деп жазылған құжатта.
Ал 39,7 млрд теңге 5 пайыздық несие беру үшін бөлінеді. Оның сыйақы мөлшерлемесі – 0,15 пайыз, ақша шотқа түскен сәттен 17 жыл ішінде игерілуі тиіс.
Айта кету керек, Ranking.kz дерегі бойынша, елдегі ипотекалық несиелердің 70%-ы Отбасы банкке тиесілі. Жалпы, биыл қаңтар-мамыр айларында елімізде 558,8 млрд теңгеге ипотекалық несие берілді. Оның ішінде жалпы соманың 70,4%-ы, немесе 393,3 млрд теңгені Отбасы банкі берген. Ал, 65,3%-ы осы банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша берілген несиелер екен.