Президент Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне қатысты тиісті органдарға тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді.
Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды, делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Қазір құқық қорғау органдары бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Күдікті анықталған, ол бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
«Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды», делінген ақпаратта.
Естеріңізге саламыз, 13 шілде күні Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз түсірген. Жедел іздестіру барысында полиция қызметкерлері қыздың денесін ауыл тұрғындарының бірінің үйінен тапқан, баланың денесінде жарақат іздері болған.
Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында екені хабарланған болатын.