Жаңалықтар

Президенттің сынынан кейін отставкаға өтініш жазған Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды

Фото: ТЖМ

Президенттің сынынан кейін отставкаға өтініш берген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков қызметінен босатылды. Бұл жайлы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Үкіметінің қаулысымен Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков берген өтінішіне сәйкес ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі қызметінен босатылды», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, бір ай бұрын, Абай облысы «Семей орманы» резерватындағы өрт кезінде құрылған жедел штаб отырысында Президент Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, оның баяндамасы негізгі мәселеден ауытқып кеткенін ескерткен. ТЖМ басшысы дер кезінде келмегенін, облыс әкімі орынбасарларын жіберіп, жұмысқа деген немқұрайлы қарым-қатынас жасалғанын баса айтқан еді Тоқаев.

Ал 11 шілде күні Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков өз еркімен қызметінен босату туралы рапорт жазды.