Жаңалықтар

Қарызы 5,5 млрд теңгеге жеткен Риддер ЖЭО-сын жөндеуге 8,3 млрд теңге жұмсалады

Фото: Энергетика министрлігі

2023 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр Риддер ЖЭО-ның жаңа иесі, Алматы мәслихатының депутаты – Әміржан Нәбиевпен кездесті. Кездесу аясында Әміржан Нәбиев жылу электр станциясының барлық қарызын өзі жабатынын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Риддер ЖЭО-ның жалпы қарызы 5,5 млрд теңгені құрайды.

«Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімімен және Энергетика министрімен кездесіп, өзара келісімге келдік. Нәтижесінде Риддер ЖЭО-ның барлық қарыздарын өзіміз жабатын болып келістік. Бұл қаражат өз есебімізден төленеді және мемлекет пен қала тұтынушыларына салмақ салынбайды. Қазіргі таңда жалақы мен салық бойынша қарыздар жабылды», деп мәлімдеді Әміржан Нәбиев.

Министр бұл жиыннан шыққан соң өңір халқымен кездесіп, аймақтың энергетикалық инфрақұрылым саласындағы жағдай туралы баяндады.

«Өңірдегі ең негізгі және өзекті мәселелердің бірі – электр энергетикасы саласы. Шығыс Қазақстан облысында электр энергиясының ең ірі көздері «КАЗЦИНК» ЖШС, Өскемен ГЭС және Өскемен ЖЭО-сы саналады. Бұл өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 3,3 млрд.кВтсағ құраса, облыстың ішкі тұтыну көлемі 3,9 млрд.кВтсағ жетеді», деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр сонымен бірге 3 ЖЭО және 4 ГЭС бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысына да тоқталып өтті.

«Бүгінгі таңда ЖЭО дайындығы 32%-ға құрайды. Гидроэлектростанцияларда жөндеу жұмыстары 64%-ға орындалды. 165 км электр желілерін немесе жоспардың 30%-ға күрделі жөндеу аяқталды. Жылу желілерін техникалық тексеру Өскемен, Риддер және Шемонаиха қалалары бойынша аяқталды», деді ол.

Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Риддердегі жылу электр станциясын жөндеу үшін Қаржы министрлігімен және облыстық әкімдікпен бірлесіп Үкімет резервінен қаражат бөлу тетігін пысықтағанын айтты. Нәтижесінде Риддер жылу электр станциясын жөндеуге 8.3 млрд теңге жұмсалатынын, оны жөндеу үшін 8 мердігер ұйым тартылғанын мәлімдеді.

«Жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптамалар алынды. Жөндеу жұмыстарының жалпы сомасы 8,3 млрд теңгені құрайды. Риддер ЖЭО-да жөндеу жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін кесте бойынша аяқтау көзделіп отыр», деді министр.