Ұлттық Банк халық арасында монета өнімдерін кеңінен насихаттау үшін әзірлеген «Қазақстан монеталары» мобильді қосымшасын монета коллекциясын жасауға қолдануға болады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мобильді қосымшада арнайы опция бар. Соның көмегімен пайдаланушы өзінің электрондық базасын (коллекция жиынтығын) жасай алады. Бұл – қолда бар монеталардың қағаздағы есебінің тиімді баламасы. Коллекциялық монеталар бұрынғыша ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылатынын атап өтеміз», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, мобильді қосымша Қазақстанның нумизматика тарихынан сыр шертіп, түрлі дәуірлер мен кезеңдердегі сәулет және мәдени ескерткіштермен, маңызды тарихи оқиғалармен, қазақ халқының көрнекті қайраткерлерімен, бай мәдениетімен және дәстүрімен танысуға мүмкіндік береді.
Мобильді қосымшаны PlayMarket пен AppStore дүкендерінен тегін жүктеуге болады. Онда циркуляциялық, коллекциялық және инвестициялық монеталардың электрондық каталогы түрінде әзірленді. Қосымшада Ұлттық банк шығарған барлық монетаға қатысты ақпарат топтастырылған.
ҚҰБ коллекциялық монеталарды шығара отырып, Қазақстанды, тұмса табиғаттың сұлулығын, халқының дәстүрі мен бай тарихын таныстырады. Монета өндірісінің заманауи жетістіктері мен мамандардың кәсіби шеберлігін паш етеді.
.