Қазақстанға қай елдерден көлік көбірек импортталады?
Фото: kursiv.media
Қытайлық көліктердің Қазақстан нарығына шығуы қарқын алуда, деп хабарлайды DataHub телеграм арнасы.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы 5 айда Қытайдан 16 333 бірлік көлік импортталған, 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,5 мың бірлікті құраған. Ақшаға шаққанда импорт көлемі 291,8 млн долларды құраған. Ал өткен бір жылғы көлем 183,9 млн доллар болған. Бұл көрсеткіштерге қарап, Қытай Қазақстанға жеңіл көлік жеткізуші негізгі мемлекет болып саналады.
Содан кейінгі орында АҚШ тұр. Мәселен, 2020 жылы штаттардан орташа құны айына 4,9 миллион доллар болатын 114 автокөлік әкелінген. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш көтеріліп, 365 автокөлік 10,6 миллион долларға әкелінген. Ал 2022 жылы бұл көлем екі есеге артып, $16,9 млн долларға 741 автокөлік кіргізілген.
Ал биыл бұл саладағы импорт рекордтық көрсеткіштерге жеткен. Осы жылдың мамыр айында ғана АҚШ-тан 3040 жеңіл көлік әкелінген. Ал жыл басынан бергі импорт 10,2 мың бірлікті құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 8,9 мың бірлікке көп. Жыл басынан бері америкалық автокөліктер үшін 192,2 млн доллар төленген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 203,1 млн долларды құраған. Бұл орайда сәуір айы рекордтық ай болғанын айтады авторлар. Ол айда елімізге $46,2 млн долларға көлік кіргізілген.
Қазақстанға әкелінетін көліктер саны бойынша Қытай мен АҚШ көш бастап тұр. Десе де көілктердің жалпы құны бойынша Жапония көш бастап тұр. Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін импорт ең алдымен осы елден өскенін айта кеткен жөн. Тұтастай алғанда соңғы 5 айда осы елден жеңіл автокөліктердің импорт көлемі 329,6 миллион долларды құраған. 2022 жылдың қаңтар-мамырында көрсеткіш 217,3 миллион доллар болған. Импортталған көліктер саны өткен жылғы 5,7 мыңнан 9,7 мың данаға өскен.
Елімізге бұдан басқа Германия, Корея, Ұлыбритания, Түркия, Индонезия Канада елдерінен көліктер жеткізіледі.