Құрылыс материалдарының қымбаттауы тұрғын үй бағасына ықпал еткен жоқ – БҚДА

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі тұрғын үй құнының өсуіне ықпал ететін факторларды атады. Бұл туралы агенттіктің 2022 жылғы жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы есебінде айтылған.

«3 жыл ішінде бастапқы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 48,5%-ға, яғни 290-дан 430 мың теңгеге дейін өскен. Бұл ретте тұрғын үй құнының өсу қарқыны құрылыс материалдары бағасының өсу қарқынымен сәйкес келмейді«, делінген есепте.

Агенттіктің пікірінше, бағаның өсуіне сұранысты ынталандыру факторы ықпал еткен. 2019 жылдан бастап тұрғын үй нарығына бағдарламаларды- «7-20-25», «Баспана-Хит» және зейнетақы жинақтарын іске асырудан 3,6 трлн. теңге түскен.

«Алайда, құрылыс салушылар тарапынан бағаның алыпсатарлық өсуі мемлекеттің әлеуметтік бастамаларының әсерін төмендетті, осыған байланысты құрылыс компаниялары қолдаудың негізгі бенефициарлары болды», делінген есепте.

Агенттік дерегінше, соңғы 5 жыл ішінде құрылыс материалдары импортының үлесі іс жүзінде өзгерген жоқ. 2017 жылы ол 46%-ды құраса, 2021 жылдың соңында 43%-ды болған.

Есепте сонымен қатар, бес жыл ішінде құрылыс материалдарын өндіру көлемі 2 есе өскенімен ішкі өндіріс тек базалық материалдарға қажеттілікті өтеп отырғаны айтылған. Ал, қосылған құны жоғары материалдарға тәуелділік 50-ден 100%-ға дейін сақталып отыр.

«Құрылыс материалдарына сұраныс пен бағаның өсуін ынталандыру факторынан басқа, мемлекеттік реттеу, жер мен инфрақұрылымға қол жеткізу де тұрғын үй құнына әсер етеді», делінген есепте.

2016 жылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы»  жаңа Заң қабылданған болатын. Онда үлескерлердің қаражатын тартудың рұқсат етілген үш тәсілі айқындалды:

1) қаңқа тұрғызылғаннан кейін (әкімдіктің рұқсатымен);

2) банктің қарызын тарта отырып (әкімдіктің рұқсатымен);

3) Бірыңғай оператордың кепілдігін алған кезде.

Алайда, агенттік мәліметінше, осы талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылау әлі енгізілген жоқ. Құрылыс саласындағы уәкілетті органның тексеру парақтары бекітілген жоқ, әкімдіктер қаражатты тартудың заңдылығын тексеруді жүзеге асырмайды және оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, рұқсат алмаған құрылыс салушылардың тізімдерін жариялаумен шектеледі.

«Нәтижесінде «брондау шарттарын» жасасу арқылы үлескерлердің қаражатын тартудың, пәтерлерді әкімдіктердің немесе Бірыңғай оператордың рұқсатынсыз, уәкілетті емес ұйымдар арқылы сатудың жаппай практикасы қалыптасты. Агенттіктің бағалауы бойынша 2021 жылы пайдалануға берілген 7,5 млн. шаршы метр тұрғын үйден 2,1 млн. немесе 28%-ына рұқсат берілді», делінген есепте.

Осылайша, Заңды айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тарта отырып салынған тұрғын үйдің кемінде жартысы сатылып кеткен.

«Көлеңкелі нарықтың бұл көлемі үлескерлердің құқықтарын сақтау кепілдіктерімен де, мемлекеттік бақылаумен де қамтылмаған. Ол сондай-ақ мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыру және зейнетақы қаражатын пайдалану кезеңінде айналымнан шығып қалды, бұл жылжымайтын мүлік бағасының «күрт» өсуіне тағы бір себеп болды», делінген Агенттік есебінде.

Сондай-ақ оқыңыз