13 шілде күні сағат 21:12-де қолайсыз ауа-райы жағдайында «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-на қарасты ЖЭО-да Ақадыр-Жезқазған 500 кВ электр беру желісі ажыратылды. Электр желісіндегі ақау Жезқазған ЖЭО-ның №7 және 11 қазандықтарының сөнуіне әкелді. Будың болмауына байланысты №4, 7 турбиналар тоқтатылып, салдарынан генерация толық төмендеген.
«Станцияның жұмыс режимін қалпына келтіру бір сағаттан кейін сағ.22:20-да басталды. Технологиялық бұзушылық фактісі бойынша жан-жақты тергеу жүргізу мақсатында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің комиссиясы құрылды», делінген Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта.
Жезқазған ЖЭО-нда 2023 жылдың 19 маусымында электрдің үзілуі салдарынан станция генерациясы тоқтаған.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-ның басшылығына Жезқазған ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-ның қауіпсіз жұмыс мәселесі бойынша арнайы кеңес 2023 жылғы 17 шілде дүйсенбі күні Министрлікте өткізіледі, делінген ақпаратта.