АҚШ Конгрессінің Өкілдер палатасы 2024 қаржы жылына жоспарланған жалпы бюджеті 886 млрд доллар болатын «Ұлттық қорғаныс туралы» заң (National Defense Authorization Act немесе NDAA) жобасын қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан The Hill басылымына сілтеме жасап.
219 конгрессмен заң жобасын қолдап, 210 қарсы дауыс берді. БАҚ өкілдері заң жобасының қабылдануы Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти мен палатада көпшілікті құрайтын республикашылдар үшін үлкен жеңіс болғанын айтады.
Ал, Демократиялық партия бақылайтын АҚШ Сенаты келесі сейсенбіде «Ұлттық қорғаныс туралы» жеке заң жобасын дауысқа салады. Содан кейін екі палата соңғы NDAA-ді талқылайды. Кейінірек заң жобасы АҚШ президенті Джо Байденге қол қоюға жіберіледі.
The New York Times басылымы 886 млрд долларлық бюджет жобасында Қытай мен Ресей Федерациясына қарсы тұру шаралары, АҚШ-тың Украинаға көмегін қадағалайтын арнайы бас инспекторды тағайындау және АҚШ әскерилерінің санын 5,2% арттыру қарастырылғанын атап өтті.
Бұған дейін Өкілдер палатасында «Ұлттық қорғаныс туралы» заң жобасына Украинаға әскери көмекті қысқарту немесе тоқтату туралы бірқатар республикалық түзетулерге тосқауыл қойылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, заң шығарушылар Ақ үй АҚШ-тың Украинадағы қақтығысқа қатысу стратегиясы туралы Конгресске есеп дайындауы керек деген түзетулерді қабылдамады. Сонымен қатар, конгрессмендер Украинаға қатысты бірнеше мәселені шешуді талап етті, мысалы, кассеталық оқ-дәрілерді шетелге тасымалдауға тыйым салу. Алайда бұл мәселелер соңында дауысқа салынбады.