Ақтөбе облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға кірісті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық жоба екі жылдың ішінде ауылдарды, оның ішінде шалғайдағы жету қиын елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, аудандық ауруханаларды көп бейінді медициналық мекемелердің деңгейіне дейін жаңғыртады және ауылдағы медициналық көмектің басқа да бағыттарын жетілдіреді, сондай-ақ 655 медициналық объектінің құрылысын көздейді.
Бүгінгі таңда 99 медициналық объектінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын (ҚМЖ) жүргізуге қаражат бөлінді.
Ақтөбе облысында ұлттық жобаға сәйкес 8 МСАК объекті бойынша құрылыс жоспарланған.
Осыған байланысты облыста жоспарланған 8 медициналық объектінің 6-ның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Бұлар Байғанин ауданының Қаражар, Қосарал, Қораши, Көкбұлақ ауылдарындағы, Хромтау ауданының Аққұдық ауылындағы медициналық пункттер және Байғанин ауданының Кемерши ауылындағы дәрігерлік амбулаториялар.