Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама жасаған азаматтың заңсыз әрекеті әшкереленгенін хабарлады.
Ол «Семейный капитал» қаржы пирамидасын құрып, тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарламаның негізінде клиенттермен келісім-шарт жасасқан.
«Оның шарты бойынша 300 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі инвестиция, 30-дан 60 пайызға дейін артық төлеммен тұрғын үйді алудың күту мерзімі 6 айдан 10 айға дейін көрсетілген. Соның салдарынан азаматтар уәде еткен пәтерлерін алмаған, салған қаржысы қайтарылмаған. Осылайша, аталған азамат жалпы сомасы 450 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірген», делінген хабарламада.
Агентік дерегінше, күдікті қазір уақытша ұстау абақтысына қамалған. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.
«Егер сіз және сіздің туыстарыңыз жосықсыз кәсіпкерлердің осындай әрекеттеріне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша ЭТД немесе көрсетілген телефондар бойынша хабарласыңыз: 1458, 8 (7172) 70 84 79 (ішкі 21384)», делінген хабарламада.