Ерболат Досаев Есентай өзені арқылы өтетін көлік көпіріндегі жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары аясында Есентай өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту барысымен танысқан. Әкімге оны күшейту жұмыстары туралы баяндалған. Бұл көпірге 2020 жылы тексеріс жұргізіліп, жағдайы апатттық деп танылған. Сараптамалық зерттеу нәтижесінде анықталған ақаулар көпірдің жүк көтергіштігі мен қауіпсіздігіне әсер еткенін анықтаған. Ал қазіргі жөндеу жұмыстары шеңберінде ригель күшейтіліп, аралық құрылыстың плиталары жаңартылып жатыр. Сонымен бірге 96 арқалық ауыстырылып, асфальтбетон жабыны салынады.
Күзде кезекті оқу жылы басталғанда көлік кептелістерін болдырмау үшін әкім бұл жұмыстарды қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырған. Бұл мәселені жылдамдатып шешу мақсатында құрылыс бригадалары екі ауысымда жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде көлік көпірінің жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін, яғни нормативтік мерзімнен 2 есе ертерек аяқтауға мүмкіндік бермек. Көпірді жөндеу жұмыстары 6 маусымда басталған болатын.
«Осылайша, 6-7 айдың орнына қайта құру мерзімі 3 айды құрайды. Бұл ретте құрылыс нормалары мен қауіпсіздік қағидалары толық сақталған кезде жұмыстар жүргізіледі. Қайта құрудың маңызды нәтижесі көлік жолақтарының саны 6-дан 8-ге дейін ұлғаяды. Бұл вело-жаяу жүргіншілер көпірін негізгі көліктен бөлек құрылыстарға ауыстыру арқылы жүзеге асады», делінген хабарламада.
Солайша шаһар басшысының тапсырмасымен автокөлік жүретін жол 1 қыркүйекте іске қосылса, ал жаяу жүргіншілер жолы қазан айының ортасына дейін аяқталады деп күтілуде.
Қала басшысы сонымен бірге Гагарин даңғылы бойындағы жылу кешенінің 1-6 жылу энергиясының орталық транзиттік-бөлу пунктіне дейінгі жылу магистралін қайта жаңарту қарқынын тексерді. Бұл жердегі жұмыстарды да уақтылы аяқтап, тамыз айының соңына дейін қозғалысты ашуды тапсырды.