Дамушы нарық валютасы оң динамика көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша 14 шілдеде теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,6%-ға (443,84 теңгеден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 446,48 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 7-14 шілде аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Мысалы, АҚШ Еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша маусымда жылдық инфляция 3%-ға дейін баяулаған. Бұл 2021 жылғы наурыздан бергі ең баяу қарқын болып табылады. Осыған байланысты DXY АҚШ долларының индексі 2,3%-ға әлсіреп, бір жылдан астам уақыт ішінде ең төменгі деңгейге жетті. Инвесторлар АҚШ ФРЖ-дан пайыздық мөлшерлемені келесі отырыста 25 базистік тармаққа арттыруын күтуде. Бұл ретте маусымдық болжамдарға енгізілген екінші өсімнің ықтималдығы азаюда.
Жоғарыда аталған факторлар АҚШ долларына қатысты дамушы нарықтар валюталарының оң динамикасына алып келді. Ол төмендегідей қалыптасты:
- Оңтүстік Африка ранды АҚШ-та инфляцияға қатысты деректердің күтілгеннен төмен болуы аясында 4%-ға (18,87-ден 18,11-ге дейін) нығайды;
- Мексика песосы шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 2,3%-ға (17,15-тен 16,75-ке дейін) нығайды. Мамыр айында өнеркәсіптік өндірістің өсуі күткеннен асып түсіп, ж/ж 3,9% болды;
- Бразилия реалы жаһандық тәуекел сентиментінің артуы аясында 1,6%-ға (4,87-ден 4,79-ға дейін) нығайды;
- Ресей рублі энергия бағасының өсуі және салық кезеңінің жақындауы аясында 1,3%-ға (91,25-тен 90,06-ға дейін) нығайды;
- Индонезия рупиясы АҚШ ФРЖ монетарлық саясатын қатаңдату циклінің аяқталуын күту аясында 1,2%-ға (15143-тен 14959-ға дейін) нығайды;
- үнді рупиясы АҚШ долларының әлсіреуі аясында 0,7%-ға (82,74-тен 82,17-ге дейін) нығайды;
- түрік лирасы инфляциялық күтудің артуы аясында 0,4%-ға (26,07-ден 26,17-ге дейін) әлсіреді.