Жаңалықтар

Премьер-министр: «Қазақстан инжиниринг» активтерін жекешелендіру – бәсекелестікті дамыту үшін керек

Фото: kursiv.media

Әлихан Смайылов бір топ депутаттардың «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының активтерін жекешелендіруге қатысты сауалына жауап берді. Премьер-министр бұл саладағы жекешелендіру бірінші кезекте бәсекелестікті дамыту үшін қажет екенін айтқан.

23 мамырда Геннадий Шиповских бастаған бір топ депутаттар қорғаныс өнеркәсібіндегі жекешелендіруге қатысты Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған болатын.

«Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясының күштік құрылымдарды ең көп сұранысқа ие қару-жарақ пен әскери техникамен толық қамтамасыз ете алмау қауіпі бар. Осыған байланысты депутаттар мемлекеттің қорғаныс өнеркәсібін бақылауды сақтауға бағытталған заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады. Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы мәселелерін қозғайтын заң жобалары қазір Мәжілісте қаралуда», деген депутаттар «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің қаулысын қайта қарауды сұраған.

Үкімет үйі кәсіпорындардың қазіргі уақытта мамандандыруды, еңбек ұжымын және жұмыс орындарын сақтау бойынша негізгі шарттар қойылып, бәсекелестік ортаға конкурстық негізде сату арқылы берілгенін айтқан. Тұтастай алғанда, бұрын жеке басқаруға берілген қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарының қызметіне мемлекеттік мониторинг олардың қосарланған мақсаттағы өнімнің жаппай өндірісін одан әрі масштабтай отырып, озық әзірлемелердің көпшілігін іске асырғанын келтірген.

Мәселен, «Қазақстан инжиниринг» компаниясының 15 мемлекеттік кәсіпорнының жиынтық
жүктемесі 20 млрд теңге болса, бұл көрсеткіш 32 жеке зауыттың өндірістік жүктемесінен
8 есе төмен екен.

«Бұл шара, ең алдымен, әлеуетті инвесторлардың қаражаты есебінен өткізілетін кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту, оның ішінде өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту, зауыттар аумағында оқу корпустар мен жатақханалар құру арқылы әлеуметтік жағдайларды жақсарту, қосымша инвестициялауды талап ететін басталған инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру мақсатында енгізілді», деп түсіндіріледі жауапта.

Дегенмен депутаттардың ұсыныстары ескерусіз қалмаған. Үкіметтегілер қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Парламент Мәжілісінде оларды жекешелендіру туралы шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттің басқаруымен «алтын акцияны» сақтауға бағытталған түзетулер заң шеңберінде пысықталатынын хабарлаған.

«Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын бәсекелестік ортаға беру мәселелері мүдделерді және Қарулы Күштердің қажеттіліктерін, сондай-ақ тиісті бизнес-құрылымдардың мүмкіндіктерін ескере отырып, кешенді түрде пысықталуда», делінген Үкімет басшысының жауабында.

Көктемде жекешелендірілген компанияға жазда санкция салынды

Үкімет қаулысымен Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, сондай-ақ жекешелендіруге жататын және бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын ұйымдардың тиісті тізбелері бекітілген. Сол құжатқа сәйкес «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ 8 активі жекеге сатуға шығарылған. Олар – «Семей инжиниринг» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel Manufacturing» ЖШС, «С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ,» «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ.

Кейінірек еліміздің Қарулы Күштері мен әскери қауіпсіздігінің жауынгерлік қабілеттілігінің мүдделерін ескере отырып, жоғарыда көрсетілген тізімнен стратегиялық мақсаттағы әскери техниканы шығаратын компанияның үш кәсіпорны – «Семей инжиниринг»АҚ (танк жөндеу зауыты), «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС (авиажөндеу зауыты), «Steel Manufacturing» ЖШС
(патрондар өндірісі) алынған.

Бірақ ол тізімдегі бірнеше кәсіпорындар жекешелендіріліп үлгерген. Біріншісі – «Тыныс» АҚ, екіншісі «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ.

2023 жылдың мамыр айынд «Тыныс» АҚ-ның 100% жай акцияларын Қазақстан Республикасының азаматы Әміржанов Жұмабай Қабенұлы сатып алған. Бұл кәсіпорын авиациялық технология және машина жасау салалары бойынша жұмыс істейді. Зауыттың негізгі қызметі – жалпы өндіріс көлемінің шамамен 50 пайызын құрайтын авиациялық техниканың бөлшектері мен тораптарын шығару. Осы компанияға 1 шілде күні Украина санкция салды.