Энергетика министрлігі KEGOC басшысының орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартты

Жарияланды

ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы «KEGOC» АҚ бірінші басшысының жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «KEGOC» АҚ бағдарламалық кешенді іске қосудың есепті мерзімін бұзып және бағдарламаның толық жұмыс істеуін қамтамасыз етпеген.

«Энергетика министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша электр энергиясы нарығын реформалауды қолға алып, саладағы нарықтың жаңа моделін енгізуге бағытталған заң нормаларын қабылдады.

Мысалы, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясын Бірыңғай сатып алушы және Электр энергиясын нақты уақыт режимінде теңгерімдейтін нарық тетігі енгізілді», – деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Бұл тетік елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты шұғыл реттеуді талап ететін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған, атап айтқанда:

– электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмау;

– өнімсіз делдалдарды қысқарту;

– электр станцияларының техникалық мүмкіндіктері негізінде тәуліктік кестелерді қалыптастырудан тұтынушылардың нақты кестелеріне кету есебінен шектес энергия жүйелерімен шекарада электр энергиясы ағындарының мемлекетаралық сальдосының ауытқуын барынша азайту;

– жаңадан іске қосылатын генерациялау көздерінің жоғары тарифтерін және жұмыс істеп тұрған станциялардың тапшылығы мен ағымдағы тарифтері кезінде импорттық электр энергиясының бағаларын теңестіруді қамтамасыз ету, бұл болашақта ел өңірлері арасындағы электр энергиясына тарифтерді теңестіруге мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бағдарламалық кешенді іске қосудың есепті мерзімін бұзғаны және бағдарламаның толық жұмыс істеуін қамтамасыз етпегені үшін ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы «KEGOC» АҚ бірінші басшысының жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ оқыңыз