Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен Қара теңіздегі астық бастамасы мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуге ниетті. Бұл туралы Іnterfax.ru сайты Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
«Ердоған бұл тақырып бойынша Ресей көшбасшысымен келіссөздер жүргізетінін айтты», – деп хабарлады Анадолу агенттігі.
Сонымен қатар, Ердоған Түркия мен Ресей СІМ басшылары Хакан Фидан мен Сергей Лавров телефон арқылы Қара теңіз бастамасын талқылайтынын айтты. Бұл ретте ол келіссөздердің нақты қашан өтетінін нақтылаған жоқ.
Ердоғанның айтуынша, астық мәмілесі «сәтті дипломатияның мысалы ретінде тарихқа енді». Ол оның үзіліссіз жұмысын жалғастыратынына сенеді.
Дүйсенбі күні Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Ресей тарапы Анкара, Киев және БҰҰ-ға «астық мәмілесін» ұзартуға қарсылық білдіргенін айтты.
«Ресей бүгін түрік және украин тараптарын, сондай – ақ БҰҰ Хатшылығын мәмілені ұзартуға қарсылық білдіру туралы ресми түрде хабардар етті», – деді ол журналистерге.
«Астық мәмілесі» 2022 жылдың 22 шілдесінде Ыстамбұлда жасалды. БҰҰ, Ресей, Түркия және Украинаның қатысуымен екі құжатқа қол қойылды – Украинаның үш портынан (Черноморск, Одесса және Оңтүстік) астық экспорты үшін дәліз құру және ресейлік азық-түлік пен тыңайтқыштардың экспортына кедергілерді жою. Бастама 2022 жылдың қараша айында 120 күнге, наурызға дейін, содан кейін тағы екі рет – екі айға ұзартылды. Мерзімі 17 шілдеде аяқталады.