Ішкі көші-қонды ынталандыру үшін Солтүстікте өндірістік-инвестициялық жобалар жүзеге асырылады
Фото: kursiv.media
Әлихан Смайылов депутаттардың көші-қон саясатына қатысты суалында жауап берді.
Депутаттар ел ішінде халықтың көбінде оңтүстікке қарай ауыса бастағанын айтып, бұл демографиялық және көші-қон дамуының тенденциялары сақталса, болжамдық мәліметтерге сәйкес 2050 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны 5,2 миллионға артып, ал солтүстікте осы кезеңге қарай шамамен 1 миллион адамға қысқаруы мүмкін екенін көтерген.
Премьер-министр бұл мәселеге қатысты арнайы Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданғанын айтып, оның бір бағыты – қоныс аудару бағдарламаларын қайта қарау есебінен жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті теңестіру үшін қазақстандықтардың ішкі ұтқырлығын ынталандыру екенін атап өткен.
«Қазіргі уақытта, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында бірқатар шаралар жүзеге асуда. Мәселен, 2023 жылы 8 652 адамды көшіру жоспарланып, ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 4 140 адам немесе жылдық жоспардың 48 %-ы яғни қандастар – 1 032 адам және қоныс аударушылар – 3 108 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Бұл орайда Көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағытын қамтитын «Құтты мекен» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жұмыстары іске асырылуда.Қазіргі уақытта, «Қандас», «Шетелдік жұмыс күші», «Еңбек нарығы» сияқты автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің архитектураларына талдау жасалып, «Қоныс аударушыларды өңірлік квотаға қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде», делінген премьер-министрдің жауабында.
Тұжырымдама аясында еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандырумен мемлекеттік қолдауды, оның ішінде азаматтарды ерікті түрде экономикалық өсудің өңірлік орталықтарынан шалғай және оқшауланған елді мекендерден инфрақұрылымы дамыған, жұмыспен қамту мүмкіндіктері көбірек тірек ауылдарға және өңірлік «өсу нүктелеріне» (қалалар мен облыс орталықтарына) көшіру көзделген.
Сонымен бірге Премьер-министр өз жауабында осы жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысының ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша тапсырмаларының орындалуына қатысты жергілікті атқарушы органдардың қызметіне кешенді тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.
«Тексеру нәтижесінде жаңа жерде жұмысқа орналасу, берілетін тұрғын үйдің сапасы, қоныс аударушылар атында кредиттің көп болуы, жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстың әлсіз болуы сияқты мәселелер анықталды. Бүгінгі күні аталған бағытта мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ерікті түрде қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын беру тетігі іске қосылды. Аталған сертификат тұрғын үйді сатып алуға, салуға немесе екінші деңгейлі банктерде алғашқы жарна ретінде пайдалану үшін қоныс аударушылардың отбасына тұрғын үй құнының 50%-ы, алайда 4 млн теңгеден аспайтын көлемде беріледі. Бұл тетік қоныс аударушыларға тұрғын үйді өздігінен таңдауға және сапасыз үйлердің шешуге мүмкіндік береді», делінген жауапта.
Сонымен бірге қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында өңірлерде тартымды әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасауға қатысты өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ағымдағы жылы 65-тен аса тауарлы-сүт фермаларының, оның ішінде солтүстік өңірлерде 2 мыңдай жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 45 ТСФ құрылысы жоспарланған.