Павлодар облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Фото: ТЖМ
Павлодар облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны туралы шешім шықты. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
«Павлодар облысы Шарбақты ауданының Александровка ауылдық округі, Галкино ауылдық округі және Шалдай ауылдық округі аумақтарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын», делінген құжатта.
Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 15 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Еске сала кетсек, 16 шілде күні Павлодар облысында Ертіс орманы өртенді. Өрт сөндіруге жеке құрамнан 329 адам, 101 бірлік техника және 2 борт МИ-8 және ТЖМ Еврокоптер жұмылдырылған. Қосымша сағат 5.13-те Семей қаласынан Қорғаныс Министрлігінің Ми-17, Ми-171 ұшақтары келді. Сағат 7.30-да ТЖ Министрі және облыс әкімі орманшылықтар аумағын әуеден тексеріп өтті. Өрттің белсенді фазасы Бауыртал орманшылығының 98 кварталында, онда өрт кей жерлерде төменнен жоғарыға ауысқан. Жұмылдырылған ресурстармен өртті қайта болдырмау мақсатында өрттің шоқтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ.