Қазақстан ЕXPO-2025 Дүниежүзілік көрмесіне қатысады
Фото: kursiv.media
Қазақстан Осакадағы EXPO-2025 Дүниежүзілік көрмесіне қатысады, деп хабарлайды «QazExpoCongress» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Ұлттық секцияның бас комиссары Дәулет Еркімбаев жапондық тарап – Қауымдастықтың Бас хатшысы Hiroyuki Ishige және EXPO 2025 Дүниежүзілік көрмесінің Осакадағы Бас комиссары Koji Haneda-мен Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойған.
«Біз Жапонияда өтетін ЭКСПО-2025 көрмесіне дайындықты бастадық. Біз барлық ұйымдастыру аспектілерін және «Өмірді құтқару» тақырыптық кластерінде орналасатын көрмеге арналған павильонымызды егжей-тегжейлі әзірлеп жатырмыз. Көрмеге дейін әлі екі жыл бар, бірақ іс жүзінде уақыт аз. Көрме 2025 жылдың 13 сәуірінде ашылып, 13 қазанда аяқталады. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, көрмені әлемнің 150 елінен 28 миллионнан астам адам тамашалауы тиіс, сонымен қатар 25 халықаралық ұйым өкілдері де келеді деп күтілуде», дейді Еркімбаев.
EXPO 2025 көрмесі Осакадағы Юмесима жасанды аралында өтеді. Көрменің тақырыбы «Өз өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» деп аталады. Оның өзі «Өмірді сақтау», «Қуаттандыру» және «Өмірлерді байланыстыру» атты үш тақырыпшаларға бөлінгнен. Көрменің жалпы ауданы шамамен 155 гектарды құрайды. Қазақстан павильоны Италия, Нидерланды, Сингапур және Болгария павильондарымен қатар орналасады.
Қазақстанда ЭКСПО көрмесі 2017 жылы өтті. Астана қаласында өткен көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан. Көрмені 3 миллионнан астам адам тамашалады. Көрме кешенінің жалпы ауданы 174 гектарды құрады.
Ал 2021 жылы Қазақстан Дубайдағы Expo-2020 көрмесіне қатысты. Көрме пандемияға байланысты бір жыл кешігіп барып ашылды. Қазақстан павильоны үш қабатты алып жатты және төрт көрме аймағына бөлінді. Бұл көрмеге қатысу үшін Қазақстан 9 млрд теңге жұмсады.