Жаңалықтар

Ресей «астық мәмілесін» ұзартуға қарсы

Ресейлік тарап Анкараға, Киевке және БҰҰ-ға «астық мәмілесі» мерзімінің ұзартылуына қатысты қарсылықтарын жолдады, деп хабарлады Интерфакс-Қазақстан РФ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарованың мәлімдемесіне сілтеме жасап.

«Ресей бүгін Түркия мен Украина тараптарын, сондай-ақ БҰҰ хатшылығын келісімнің ұзартылуына қарсылығы туралы ресми түрде хабардар етті», – деді Мария Захарова журналистерге.

Оның айтуынша, РФ Сыртқы істер министрлігі Ресейдің ұстанымы туралы мәлімдемесін жақын арада жариялайды.

Көп ұзамай бұл туралы Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге мәлімдеме жасады.

«Қара теңіз мәмілесі бүгін өз жұмысын тоқтатты. Ресей Федерациясының Президенті бұған дейін айтқандай, оның мерзімі 17 шілдеде аяқталуы тиіс еді. Өкінішке орай, Қара теңіз мәмілесіндегі Ресейге қатысты мәселелер орындалған жоқ», – деді Песков.

Еске сала кетсек, «астық мәмілесі» Стамбұлда 2022 жылдың 22 шілдесінде жасалды. БҰҰ, Ресей, Түркия және Украинаның қатысуымен екі құжатқа қол қойылды – Украинаның үш портынан (Черноморск, Одесса және Южный) астық экспорттау дәлізін құру және ресейлік тағам және тыңайтқыштар тасымалына кедергілерді жою туралы.

Бастама 2022 жылдың қарашасында 120 күнге, наурызға дейін, содан кейін тағы екі рет – екі айға ұзартылды. Мәміленің мерзімі 17 шілдеде аяқталады.