Threads алаяқтар: фишинг, криптовалюта мен скам арқылы алдауға кірісті

Жарияланды
Фото: shutterstock

Сарапшылар Threads жаңа әлеуметтік желісі арқылы түрлі алаяқтық схемалар пайда болғанын мәлімдеп отыр. «Касперский зертханасының» сарапшылары бірнеше басты алаяқтық әдісті атады.

Фишингпен алдау

Сарапшылар ескертеді. 100 млн пайдаланушысы болса да, Threads-тің веб-нұсқасы жоқ. Алаяқтар жалған вев-нұсқасы жасырылған фишингтік беттерді әзірлеген. Сондықтан, осындай ресурсқа аккаунтыңыздың деректерін енгізсеңіз, онда олар қаскөйлердің қолына түседі.

Instagram мен Facebook сияқты Threads те Meta ұсынатын қызметтердің бірі болғандықтан, аталған желілердегі аккаунттарыңызға кіре алмай қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ, пайдаланушылар доксингке ұшырап, яғни жеке деректері ашық көздерге жарияланып, тіпті ақшасын жоғалтуы мүмкін.

«Шабуылдаушылардың қолына жеке және корпоративтік банктік деректер түсуі мүмкін, өйткені компаниялардың әлеуметтік желілерде корпоративтік аккаунттары бар», дейді сарапшылар.

Жалған криптовалюта

Threads алаяқтар сонымен қатар, криптовалютаға инвестиция құюға шақырады. Алайда, олар ұсынатын Threads Coin аталатын криптовалюта жоқ, яғни, жоқ нәрсеге инвестицияға құю қауіпі бар. Алаяқтар Threads Coin жалған криптовалютасын криптографиялық ақша — эфириум (Ethereum) арқылы сатып алуды ұсынады. Осылайша, скам-схемаға құрбьан болу қауіпі бар.

Скам нұсқа

Алаяқтар пайдаланушыларға Threads-те қолданушыларды – 10, 25 немесе 50 мыңға дейін жазылушыны тегін жинап алуды ұсынады.

«Қолданушы нұсқалардың бірін таңдағаннан кейін, оларға робот емес екенін растайтын тексеруден өту ұсынылады. Тексеру барысында адамға арнайы сыйлық алуға болатыны туралы SMS келуі мүмкін, бірақ ол үшін алдымен қандай да бір комиссия төлеу керек. Нәтижесінде жәбірленуші ақшасын жоғалтады, бірақ ол ешқашан сыйлық алмайды», дейді сарапшылар.

Сонымен қатар, пайдаланушылар басқа адамдарға осы акцияны сипаттайтын SMS жіберуге яғни, осы алаяқтық хабарламаны таратуға шақырылады.

Сақтану жолдары қандай?

«Интернеттегі алаяқтар көбінесе өзекті жаңалықтар күн тәртібін пайдаланады және заманауи трендтерге назар аударады, сондықтан қырағылық таныту керек. Интернеттегі кез келген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және қорғаныс шараларын қолдану маңызды. Егер сән трендтеріне сақтықпен қарап, цифрлық сауатымызды үнемі арттыратын болсақ, онда қаскүнемдердің құрбаны болу қаупі айтарлықтай төмендейді», — дейді «Касперский Зертханасының» Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Алаяқтықтан қорғану және жаңа технологияларды қауіпсіз пайдалану үшін «Касперский зертханасы» сарапшылары мынадай кеңестер ұсынады:

  • Бағдарламалар мен қолданбаларды жүктеу кезінде абай болыңыз, әсіресе ресми дүкендерден сатып алмаған жағдайларда.
  • Бағдарламалық жасақтаманы жүктейтін сайттың нақты түпнұсқа екеніне көз жеткізіңіз. Мекенжай жолағындағы құлып белгішесін қараңыз және URL мекенжайы «https://» деп басталатынын тексеріңіз.
  • Әрбір аккаунтқа күрделі, бірегей құпиясөздерді пайдаланыңыз және мүмкіндігінше қосфакторлы аутентификацияны қосыңыз.
  • Белгісіз мекенжайлардан күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақ болыңыз. Алаяқтар пайдаланушыларды сілтемелерді басуға немесе зиян бағдарламаны жүктеуге мәжбүрлеу үшін әлеуметтік инженерия әдістерін жиі қолданады.
  • Барлық құрылғыға сенімді қорғаныс шешімін қолданыңыз және оны үнемі жаңартып отырыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз