Түркияда жанармай салығы 200%-ға өсті

Жарияланды
Фото: shutterstock


Түркияда жанармай салығы 200%-ға өсті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Түркия Энергетика министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, жанармайға салынатын салықты ұлғайту ақша қорларын сақтау және 100 млрд доллардан астам шығын әкелген ақпандағы жер сілкінісінің салдарын жою қажеттілігіне байланысты болды.

Сарапшылардың пайымынша, аталған шешімнің зардабы үлкен болуы мүмкін. Мәселен, құлдыраған лира мен Үкіметтің сайлауалды науқаны кезіндегі уәделерін орындау үшін шығындарды ұлғайту жоспарлары бір бөлек, мұның барлығы сайып келгенде онсыз да күннен-күнге өсіп келе жатқан инфляцияны күшейтуі мүмкін. Қазіргі уақытта қымбатшылық көрсеткіші 38% құрайды және жыл соңына дейін инфляция 60% -ға жетуі де ғажап емес.

Бензин бағасы 1 литр үшін 28,05 лирадан (1,07 доллар) дейін 34,05 лираға (1,30 доллар)дейін өсті, дизель отыны— 26,32 лирадан (1,01 доллар) 32,32 лираға (1,23 доллар) дейін қымбаттап кетті, ал сұйытылған газ бағасы 10,00 лирадан (0,38 доллар) 15,91 лираға (0,61 доллар) жеткен.

Бұл ретте Түркия Энергетика министрлігі жанармай салығы 2016 жылдан бері көтерілмегенін хабарлады.
Бұл өсімге қарамастан, Түркиядағы бензин мен дизель бағасы Еуропадағы ең арзандардың бірі болып қала береді, ал салық өсімі 2016 жылдан бері тіркелген инфляциядан әлдеқайда төмен.

Сондай-ақ оқыңыз