Жамбыл облысында жүк вагондары жолдан шығып, пойыздардың жүру кестесі уақытша өзгерді
«Қазақстан темір жолы» компаниясы Аспара станциясында жүк вагондары жолдан шығып, жолаушы пойыздарының қозғалысына әсер еткенін хабарлады.
Оқиға 17 шілде түнгі сағат 01.05 шамасында болған. Түрксіб-Шу учаскесінің Аспара станциясында жүк вагондары жолдан шығып кеткен. Компания дерегінше, зардап шеккендер жоқ. Учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Алайда, жүк вагондарының жолдан шығуы жолаушы пойыздарының жүру кестесіне әсер етті.
«Барлық пойыздар ауыз сумен қамтамасыз етілген, вагон-мейрамханалар жұмыс істеп тұрі. Орын алған жағдайдың себептерін анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы комиссиясы құрылды»делінген хабарламада.
17 шілде күні күндізгі сағат 12.00 шамасында Аспара станциясында пойыздар қозғалысы қалпына келтірілгені хабарланды. Оқиға салдарын жоюға Шу және Тараз станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмылдырылды.
«Компания жолаушылардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды», делінген хабарламада.