Еуропадағы аптап ыстық салдарынан орман өрті көбейді
Еуропадағы аптап ыстық салдарынан өрт сөндірушілер орманда тілсіз жаумен күресіп жатыр. Греция, Швейцария және Испанияда табиғи өрттер басталып, билік тұрғындар мен туристерді эвакуациялауда. Бұл туралы Іnterfax.ru хабарлады.
Өрт сөндірушілер өртті оқшаулауға күш салуда, бірақ қатты жел отпен күресуге кедергі келтіруде.
«Қатты және құбылмалы жел, сондай – ақ өрт шыққан таулы жерлер құтқарушыларға айтарлықтай кедергі келтіруде»,- деді Грецияның Өрт сөндіру қызметінің өкілі Яннис Артопиос.
Синоптиктер Грецияға алдағы уақытта тағы бір ыстық ауа -райының толқыны келе жатқанын ескертеді, бұл жаңа табиғи өрттерге әкелуі мүмкін.
Швейцарияның өрт сөндірушілері 16 шілдеде басталған Вале кантонындағы өртті жою жұмыстарын жалғастыруда. Батыс БАҚ-тың хабарлауынша, полиция таулы ауылдардың тұрғындарын эвакуациялады. Өртті оқшаулауға 200-ге жуық өрт сөндірушілер, әскери, полиция қызметкерлері, басқа қызмет өкілдері мен еріктілер қатысады. Швейцария полициясы өрттің Италия шекарасына қарай жылжып бара жатқанын хабарлады.