Goldman Sachs тобының сарапшылары енді АҚШ экономикасының алдағы 12 айда құлдырау ықтималдығын бұрынғы 25%-дан 20%-ға бағалап отыр, деп жазады Интерфакс-Қазақстан CNBC басылымына сілтеме жасап.
Сарапшылар болжамының жағымды жаққа қарай өзгеруі күтілгеннен де жақсырақ деректерге байланысты болды. Бұл туралы Ян Хатциус бастаған Goldman экономистерінің мәлімдемесінде жазылған.
«Көрсеткіштің төмендеуінің негізгі себебі – соңғы деректерге қатысты. Инфляцияны қолайлы деңгейге дейін төмендету рецессияға алып келмейді деген сенімімізді нығайтты», – деп жазды сарапшылар.
Маусым айында АҚШ-та тұтыну бағасының өсу қарқыны 3%-ға дейін төмендеді. Хатциустың айтуынша, ФРЖ шілдеде әлі де негізгі мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтереді, бірақ ақша-несие саясатын қатаңдату циклі осымен аяқталуы мүмкін.
Goldman экономистері АҚШ экономикасы екінші тоқсанда шамамен 2,6%-ға өсуі мүмкін деп есептейді. Бірінші тоқсанда АҚШ-тың ЖІӨ жылдық қарқынмен 2%-ға жоғарылады.