Мәсімов, Садықұлов, Ерғожин терроризмді қаржыландырушылар тізімінде

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Отанына опасыздық жасады деген айыппен бас бостандығынан айырылған, бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов пен оның экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов және Дәулет Ерғожин терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілді.

Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізетін бұл тізімге аталған тұлғалардың есімі 1 шілдеден бастап қосылыпты.

Агенттік жүргізетін «терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде» жеке тұлғалармен қатар ұйымдардың да атауы бар. Ведомства бұл реестрді 2009 жылғы 28 тамызда қабылданған «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес жүргізіп келеді.

Аталған заңның 12-бабы, 4-тармағында көрсетілгендей, терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне жеке тұлғаны енгізу үшін, оның тұлғаны экстремистік және (немесе) террористік қылмыстар жасалуына кінәлі деп тану туралы соттың заңды күшіне енген үкімі болуы тиіс.

Бұл тізімге енген тұлғаларға нотариалды және сақтандыру қызметтері көрсетілмейді, банктердегі барлық активтеріне бұғат қойылады.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары сот үкіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз