«Самұрық-Қазына» тарифтерді көтеруден түскен ақшаға бірнеше жобаны қолға алмақ

Жарияланды

Экономикада тарифтерді өсірмей инвестор тарту, сәйкесінше экономиканы дамыту мүмкін емес. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Ол «инвестициялар орнына тариф» бағдарламасының көмегімен Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын тұрғызуға мүмкіндік туатынын мәлімдеді.

«Тарифті өзгертумен жұмыс істеу біршама қаражатты инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді. «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасымен «Самұрық-Энерго» Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын тұрғыза алады. Оның іске қосылу уақыты 2026 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2029 жылы Екібастұз ГРЭС-3 құрылысын бастау жоспарланып отыр. QazaqGaz-дағы артылған қаражат геологиялық барлауға және тозу көлемін азайту үшін газ транспорты жүйесін модернизациялауға жіберіледі», деді Нұрлан Жақыпов.

«Самұрық-Қазына» басшысының айтуынша, инвестор тартудың бірегей жолы – дотацияланған тарифтерден құтылып, нарықтық бағаға көшу.

«Егер тауардың бағасы әділ болмаса, ешқандай инвестор келмейді. Өйткені өзіндік құнынан төмен бағадағы тауармен инвесторларды қызықтыру мүмкін емес. Біздегі бекітілген тариф жоспарлы ескерту жұмыстарын дер уақытында атқаруға, инфрақұрылымды модернизациялауға мүмкіндік бермесе, онда ол ерте ме, кеш пе бұзылады. Қазіргі тарифтер қордың ғана емес, ел экономикасының да дамуын тежеп тұр. Алайда бұл ретте тарифті көтеру бойынша шұғыл әрекет жасауға болмайды. Жыл сайын 10-12 пайызға жоғарылап отыратынын түсінуіміз керек», дейді.

Қазіргі таңда, магистральдық су құбыры арқылы су беру, газ тасымалдау, жылу энергиясы, транзит және экспорт, локомотивтік тартым бойынша тарифтерді өзгерту мәселесі пысықталып жатыр.

«Теміржол тасымалында біз экономикаға 236 млрд теңге дотация жасаймыз, ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ газ бағасы арқылы экономиканы 178 млрд теңгеге дотациялайды. Бізге дотацияланған тарифтен арылу керек. Тек сонда ғана ескірген желілерді жаңартып, жаңа электр стансаларын салып, энергияны үнемдеуде және халықты жылумен қамтамасыз етуде проблемаларға кезікпейтін боламыз», деді қор басшысы.

Бұған дейін, «Самұрық Қазына» қорының осы уақытқа дейін 1,2 трлн теңге сомаға жеңілдетілген тарифтер мен бағаларды ұсына отырып, Қазақстан экономикасын субсидиялағанын және бұл ұзақ уақытқа созылған жеткіліксіз қаржыландыру мен инфрақұрылымның тозуына алып келгенін жазған едік.

Сонымен қатар, қор басшысы алдағы уақытта мына ұлттық компаниялардың тарифтері өзгеріске ұшырайтынын мәлім еткен болатын.

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – жанар-жағармайдың (ЖЖМ) көтерме бағасын өсіріледі;
  • «QazaqGaz» ҰК» АҚ – газдың көтерме және бөлшек бағасы өсіріледі;
  • «Самұрық-Энерго» АҚ – электр энергиясын өндіруге қатысты тариф қымбаттайды;
  • «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – магистральдық теміржол желісі қызметтерінің тарифі өседі.

Бұған дейін, Үкімет басшысы елімізде тарифтер 10-30% аралығында көтерілетінін мәлімдеген боатын.

Энергетика министрлігі жанар май станцияларынан Аи-95 бағасын көтермеуді сұрап отырғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз