Елден қашу ісі: Серік Күдебаевтың жаза мерзіміне тағы 6 ай қосылды
Фото: kursiv.media
Алматы облысындағы Кеген аудандық сотында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың шекараны заңсыз кесіп өтуіне қатысты соты болды. Сот шешімімен экс-генерал шекараны заңсыз кесіп өткені үшін 6 айға сотталды.
«Сот істің барлық материалдарын зерттеді. Серік Күдебаевтың заң бұзып, Қазақстан шекарасын қасақана кесіп өткені анықталды. Осылайша қамауға алынған соң елге экстрадицияланды. Сондықтан алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаңа мерзім бұрын тағайындалған бас бостандығынан айыру туралы 10 жылдық үкімге қосылсын», деді сот Әсем Елемес
Алайда, сот оның бұрынғы 10 жыл мерзімін ескеріп, бұл іс бойынша жазасын 3 айға қысқартты. Күдебаев жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі мекемеде 10 жыл 3 ай өтетін болады.
Естеріңізге сала кетсек, сотта Алматы облыстық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Күдебаев кінәсін толық мойындап, жазасын айыппұлмен өтеуді сұраған. Сот отырысында заң бұзуға барғанын ашық айтқан ол:
«Мен өз кінәмді мойындаймын, егер мүмкін болса маған айыппұл тағайындауды сұраймын», деді.
Оның қорғаушысы соттан Күдебаевтың кінәні толық мойындағанын ескеріп, 500 АЕК көлемінде (1,7 млн теңге) айыппұл тағайындауды сұраған еді.