Шымкент пен Павлодар мұнай-химия зауыттары толық жұмыс істеп тұр - ҚМГ

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев мәлімдеді.

Осылайша, Атырау мұнай өңдеу зауытын қоса алғанда, елдегі барлық мұнай өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Компания өкілі сонымен бірге елде жанар-жағармайдың қоры жеткілікті екенін айтты. Макеевтің айтуынша, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша үш мұнай өңдеу зауытында өндірілген автокөлік бензині жоспардан асып түскен.

«2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу зауытында бензин өндіру ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспардан жоғары болды. Жоспар шамамен 2,4 миллион болса, іс жүзінде 2,6 миллион тонна өндірдік. Бұл бекітілген жоспардың шамамен 107 пайызын құрайды. Оның ішінде АИ-92 өндіру жоспары мерзімінен бұрын орындалды: жоспар бойынша 417 мың тонна болса, біз 449 мың тонна өндірдік. Сондай-ақ жоспар бойынша авиациялық отын 309 мың тонна болған, ал іс жүзінде 303 мың тонна өндірілді. Жоспар бойынша 2,5 млн тоннаға жуық дизельдік отын өнідірілуі тиіс еді, біз 2,7 млн ​​тоннаға жуық (106%) өндірдік», деді ол.

Нәтижесінде елімізде 19-42 күнге жетерлік жанармай қоры қалыптасқан. Атап айтқанда АИ-92 бензині – 280 мың тонна ол 24 күнге жетеді, АИ-95 – 50 мың тонна, 19 күн тұтынуға жеткілікті, дизель – 430 мың тонна, 26 күн тұтынуға жеткілікті, ал авиациялық керосин шамамен 80 мың тонна, 42 күнге жетеді.

Еске сала кетсек, 21 маусым күні Павлодар мұнай-химия зауыты бір айға жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылған болатын. Зауыттың тоқтауына байланысты бензин және дизель отынының 37 мың және 47 мың тонна қоры жинақталғаны хабарланды. Бұл қор зауытты жөндеу кезінде жанармайдың уақтылы жеткізіліп отыруына жағдай жасайтыны хабарланды.  

Ал 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішінара жұмысын тоқтататыны хабарланды. «ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша бұл жағдай жанар-жағармай нарығына кері әсер етпейтіні, жетпеген көлемді Атырау мұнай өңдеу зауыты шығаратыны айтылды.  

Ал 3 шілде күні Атыру мұнай өңдеу зауыты МАЭК-тегі апатқа байланысты тоқтап қалып, елдің энергетикалық секторына қауіп төнді.

Президент «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін, батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс берді.

Сондай-ақ оқыңыз