Табиғат қорғау саласының 13 мыңға жуық қызметкерінің жалақысы көтеріледі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанның табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысы көтерілді, деп хабарлайды Үкімет үйінің баспасөз қызметі.

«1 шілдеден бастап Қазақстанның табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100% үстемақы қосылады. ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының аталған салада еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті қаулы қабылдады», делінген хабарламада.

Бұл қаулыға сәйкес, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы белгілеу көзделген. Еңбек жағдайлары ерекше құрылымдардың қатарына жануарлар дүниесін қорғау, орманды қорғау және қалпына келтіру, мемлекеттік орман қорғау және т.б. мамандандырылған ұйымдар жатады.

Енді қызметкерлердің орташа жалақысы атқаратын қызметі мен жұмыс өтіліне байланысты 101 мыңнан 320 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Жалпы осы салада 12 876 қызметкердің жалақысы көтеріледі. Бұл шара білікті кадрлардың тұрақтап қалуына және жалпы жұмыстың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

14 маусым күні Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын үнемі арттыруды ұсынды.

Ал наурызда Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова биыл «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің еңбекақысы артатынын хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз