«Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыстың басталуына белсенді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұлттық жобаға қаражат республикалық бюджет пен Ұлттық қордан бөлінгеніне қарамастан, триллиондаған теңге шетелдік компанияларға кетуі мүмкін. Өйткені елішілік құндылығы бойынша KPI әлі анықталған жоқ. Ал бұл жағдай отандық тауарлармен қатар шетелдік өндірістің ұқсас тауарларын да сатып алуға болатынын білдіреді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП ресми сайтында жарияланған ақпаратта баяндалыпты.
Палата өкілдері отандық өндірістің тауарларын сатып алу бойынша елішілік KPI белгілеу мәселесі Үкімет пен ҚР Мәжілісі деңгейінде талқыланып жатқанын еске салады.
Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес «Атамекен» ҰКПкәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер тізілімін әзірлеген.
«Осы жылдың 13 шілдесіндегі жағдай бойынша «Атамекен» ҰКП Отандық тауар өндірушілер тізіліміне 10 мыңнан астам жиһаз компания, құрылыс материалдарын өндіруші 12 мың компания және 1 мыңнан астам жабдық өндіруші кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау отандық кәсіпорындардың өз әлеуетін іске асыруға елеулі серпін бере алады. Өз кезігінде отанық кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті қамту үлесін арттыру және бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға дайын. Алайда, нысаналы индикаторларды (KPI) белгілемей, барлық жұмыс еш кетуі мүмкін», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.
Мұрат Амрин «Атамекен» ҰКП сәуірден бастап Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жөнінде өз ұсыныстарын тұрақты негізде жолдап жатқанын айтты. Ұсыныстардың қорытынды пакеті 11 шілдеде жіберілді.
Алайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ұлтық палата ұсынған өзгерістерді енгізуге асығар емес. Бұл ретте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан бекітілген KPI-сыз жайлы мектептерді жобалау бойынша жұмыстарды жүргізіліп жатыр.
«Осылайша ҚР Президенті, Үкіметі және Мәжілісінің жоғарыда көрсетілген барлық тапсырмасына қарамастан, уәкілетті органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жұмысында үйлесімнің болмауы жобаға шетелдік тауарларды тарту тәуекелдерін туғызады», делінген «Атамекен» ҰКП таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, 116 лот бойынша мемлекеттік сатып алудың жеңімпаздары анықталды. Тағы 90 лот бойынша құрылыс және жобалауға конкурс жарияланды.
Жобаға отандық тауар өндірушілерді тарту жеткіліксіз екеніне қатысты жобалаушылар да наразылық білдірді.
«Отандық тауар өндірушілерді барынша тарту жөніндегі талаптар тиісті түрде орындалып жатқан жоқ. Құрылыс жобаларында баламасын өндіру ҚР аумағында жолға қойылған импорттық материалдар бекітіледі. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шеңберінде ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды болдырмау үшін бірыңғай позицияны әзірлеу қажет деп санаймыз», – дейді Қазақстанның республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарова.
Жобаны іске асыруға Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.