20 шілдеден бастап тамыз айында өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылданады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

20 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталады, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

«Өтінім қабылдау 30 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 тамызда басталады», делінген баспасөз хабарламасында.

Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсуге мүмкіндік береді. Тіркелу кезінде тест тапсыратында емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Сонымен қатар министрлік негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алатынын хабарлайды.

«Өкінішке орай, қаңтар-шілде аралығында өткен ҰБТ-да кейбір талапкерлер шекті балл жинай алмады. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін талапкерлер әр пәннен кемінде 5 балл жинауы қажет», дейді ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады. Барлық бес ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлерге ЖОО-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, ЖОО-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.

Сондай-ақ оқыңыз