Абай, Жетісу және Алматы облыстары – экологиялық шығыны аз өңір саналады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Абай, Жетісу және Алматы облыстары республика бойынша экологиялық шығыны ең төмен өңірлер болып саналады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сенсек, 2022 жылы қоршаған ортаны қорғауға Абай облысына – 5,8 млрд теңге, Алматы облысына – 2 млрд теңге және Жетісу облысына – 993,2 млн теңге жұмсалған.

Бүкіл Қазақстан бойынша жалпы жұмсалатын шығынға келер болсақ, 2022 жылы экологияға жұмсалған қаражат 444,5 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артық. Ол жылы мемлекет бұл салаға 416,9 млрд теңге жұмсаған. Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы деректерінен қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығыннның көбейін келе жатқанын көруе болады.

Қоршаған ортаны қорғауға ең көп шығын Атырау облысына кетеді. Өңірге 2022 жылы 100,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат барлық шығындардың 22,6% құрайды. Одан кейін орында Қарағанды облысы тұр. Оған 45,9 млрд теңге жұмсалса, Ақтөбе облысына 44,9 млрд теңге және Павлодар облысына 37,3 млрд теңге бөлінген.

Бұл қаражатқа қоршаған орта қалай қорғалады дегенге келер болсақ:

  • ауаны қорғау және климаттың өзгеру ппроблемалары;
  • парниктік газдардың шығарындыларын (шығарылуын) азайту;
  • канализацияны тазалау;
  • қалдықтарды басқару;
  • топырақты, жер асты және жер үсті суларын қорғау және қалпына келтіру;
  • шу мен діріл әсерін азайту;
  • биоәртүрлілікті және ландшафттарды сақтау;
  • радиациялық қауіпсіздік;
  • қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер;
  • жаңартылатын энергия көздері саласындағы қызмет;
  • энергия үнемдейтін технологиялар және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қызмет;
  • қоршаған ортаны қорғаудың басқа да бағыттары.

Экологиялық қызмет түрлері бойынша ең көп шығын атмосфералық ауаны қорғауға және климаттың өзгеруі проблемаларына жұмсалады. Оған кеткен шығын 127,9 млрд теңгені құраған. Одан кейін ағынды суларды тазарту мәселесі тұр. Суға мемлекет 113 млрд теңге, қалдықтарды өңдеуге – 107 млрд теңге, қоршаған ортаны қорғаудың басқа да бағыттарына – 64,7 млрд теңге бөлген. Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындардың 92,7%-дан астамы өндіріс саласына жұмсалған, қаражат көлемі – 272,3 млрд теңгені құрайды.

Бұл шығындар негізінен кәсіпорындардың меншікті қаражатынан қаржыландырылады. Оның көлемі 2022 жылы 354,2 млрд теңгені құраған. Сонымен бірге бұл салған өткен жылы жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен – 5,1 млрд теңге бөлінген.

Қазақстандағы экологияға зиянын тигізген ең ірі табиғи апат маусым айының басында «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында тіркелді. Бастапқыда өрт аумағы үш гектардан аз болса, кейін күрт 100 гектарға дейін өсті. Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Абай ауданындағы орманды қалпына келтіруге он жылдан астам уақыт қажет екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз