Жаңалықтар

Ресейге дрондар жеткізбек болған Қырғызстан АҚШ санкциясына ілінуі мүмкін

Фото: shutterstock және wikimediacommons

АҚШ Ресейге санкцияларды айналып өтуге «көмектескені» үшін Қырғызстанға қарсы экономикалық шектеулер әзірлеуде. Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады.

Америкалық басылым кейбір қырғыз компанияларының санкцияға іліккен тауарларды сатудан қомақты пайда тауып отырғаны жазған.

«АҚШ және еуропалық дипломаттардың Бішкекке бірнеше айға созылған нәтижесіз сапарларынан кейін Байден әкімшілігі елді сауданы тоқтатуға мәжбүрлеу үшін жаңа экономикалық шаралар әзірлеп жатыр. Шаралар осы аптаның басында қабылдануы мүмкін», – деп жазды Washington Post.

Сонымен қатар басылым Қырғызстанның АҚШ-тағы елшілігінен түсініктеме сұраған. Елшілік жауабында Мәскеумен сауда-саттықтың артуы ел шекарасы арқылы тауарлардың қозғалысын бақылайтын электрондық жүйелерді жетілдіруге байланысты екенін хабарлады.

«Қырғызстан мен Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, жалпы алғанда Ресей – біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі», – деп келтіреді WP АҚШ-тағы Қырғызстан елшілігінің ресми мәлімдемесін.

Алайда The Washington Post басылымы Мәскеу Қытайдың дрондары мен неміс электроникасын алуға көмектесетін серіктестер іздеп жатқанын атап өтті.

«Жеткізу құжатында қытайлық дрондар – бақшалар мен ірі фермаларда қолданылатын егін жинау машиналары ретінде көрсетілген», деп жазды АҚШ басылымы.

Ақпарат құралының мәліметінше, өткен жылы Ресей үкіметі Украинаның шығысында дәл осындай үлгідегі төрт ұшақ тәркілеген. Сол кезде Мәскеу билігі Киев оларды химиялық соғыс үшін қолданбақ, деп мәлімдеді.

Кез келген ауа-райына төзімді квадрокоптерлер шамамен 31 кг жүкті тасымалдап, сұйық химиялық заттарды шаша алады. Мұндай құрылғылардың экспортын Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы кеденшілер анықтаған.

«АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, әдетте мұндай тауарлар Ресейге кедергісіз өтеді. Сонымен қатар Батыс елдерінен әскери тауарлар сатып ала алмаған Мәскеу бұрынғы Кеңес Одағының Орталық Азия республикаларына көбірек жүгінеді, олардың кейбіреулері тарихи және қаржылық жағынан Ресеймен байланысты, сонымен бірге Еуропа және Қытаймен белсенді сауда-саттық жүргізеді», – деп жазды Washington Post.

Байден әкімшілігі санкцияны айналып өтудегі Қырғызстанның «рөліне» ерекше алаңдайтынын жеткізді. 6,7 миллион халқы бар бұл таулы, теңізге шыға алмайтын ел бір кездері Кеңес империясының оңтүстік шекарасы болған. Қазір аталған мемлекет Ресей басқа жерден заңды түрде ала алмайтын Батыс пен Азия тауарларын тасымалдайтын арнаға айналған, деп атап өтті америкалық басылым.

Журналистер Қырғызстанда ең алдымен Ресеймен сауда жасайтын импорттық-экспорттық компаниялар санының күрт артқанын айтады.