Биыл мемлекеттік гранттан 83 мың адам үмітті
Фото: kursiv.media
19 шілдеге дейін білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 83 мың өтініш келіп түсті, деп хабарлайды Ғылым және Жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын үш республикалық маңызы бар қаланың жоғары оқу орындарына тапсырған. Алматы қаласындағы оқу орнына 34 мың талапкер, Астана қаласындағы ЖОО-ларға 16 мың және Шымкент қаласына 5 мың талапкерден өтініш кеп түскен.
Ал талапкерлердің таңдауы ішінде ең сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларға» қатысты салалар тұр.
«Білім беру бағдарламаларының тобына келетін болсақ, ең көп өтініш «Ақпараттық технологиялар» – 9 мың. Ары қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» – 5 мың өтініш келіп түскен. Үшінші орында «Медицина», оны 4 мың талапкер таңдаған», деленіген баспасөз хабарламасында.
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 – 2024 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жариялады. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінгенін хабарлады. Бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді. Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден астам грант бөлінген.