Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мүлкін иеліктен шығарудың заңдылығы тексеріледі – Бас прокурор

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы қаласы мен Алматы облысының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мүлкін иеліктен шығарудың заңдылығын тексереді. Бұл жайлы Бас прокурор Берік Асылов депутаттардың сауалына берген жауабында айтқан.

«Бас прокуратура құзырет шегінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің мүлкін иеліктен шығарудың заңдылығына қатысты депутаттық сауалды қарап, келесіні хабарлайды. Университетке тиесілі кейбір активтерді (Алматы облысында – Талғар жəне Еңбекшіқазақ аудандарындағы жер учаскелері, Алматы қаласында – Абай даңғылындағы жер учаскелері мен құрылыстары) өткізудің заңсыздығы туралы дəлелдер келтірілуде», делінген Бас прокурордың жауабында.

Прокурор 2001-2006 жылдар аралығында Университеттің жылжымайтын мүлігінің бір бөлігі, жер учаскелері мен əкімшілік ғимараттардың мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жəне өзге де келісімдер шеңберінде үшінші тұлғалардың пайдасына берілгені анықталғанын, осы фактілер бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысының прокуратуралары тексеру тағайындағанын хабарлаған.

«Қазіргі уақытта тексеру іс-шаралары жүргізудің белсенді кезеңінде, материалдардың үлкен көлеміне байланысты жекешелендірудің заңдылығын жəне университеттің жылжымайтын мүлікпен жасалатын мəмілелерін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың аталған объектілердің астындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын өзгерту туралы шешімдерін зерделеу процесі жалғасуда», делінген жауапта.

Еске сала кетсек, 1 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерген болатын. Шығарылған активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, жалпы ауданы 18828,5 шаршы метрді құрайтын 5 оқу-зертханалық корпус, жалпы алаңы 1,8 га болатын жаттығу-спорт кешені бар 1 стадион, жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілері бар. 

Ал 17 шілде күні Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволар басшыларының қатысуымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Жеке меншікке өтіп кеткен кейбір жоғары оқу орындарының акивтерін мемлекетке қайтаруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз