Үш күнде 2 есірткі зертханасы мен ірі химиялық қойма анықталып, жойылды – ҰҚК
Фото: kursiv.media
2023 жылдың 12-14 шілде арылығында Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген іс-шаралар нәтижесінде 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Жүргізілген іс-шара барысында 10 келіден аса «мефедрон» синтетикалық есірткісі, 15 тоннаға жуық прекурсорлар, сонымен қатар 4-5 есірткі зертханасын іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар анықталған. Табылған жабдықтардың барлығы тәркіленді.
«Есірткі әзірлеу үстінде республикамыздың 4 азаматы ұсталып, оларға қатысты сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», делінген хабарламады.
ҰҚК баспасөз орталығының хабарлауынша, биылғы жыл басынан бері 24 есірткі зертханасы, 20 халықаралық және 23 аймақтық есірткі арналары жойылған. Сонымен бірге 780 келі синтетикалық есірткі мен 68 тоннадан аса прекурсорларды тәркіленген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына, сатылуына, сақталуына, әзірленуіне, өсірілуіне, өңделуіне және сатып алынуына қатысы бар қылмыстар заң талаптарына сай 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеді.