Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратта Жоғарғы сот тарапынан жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі туралы хабарланған.
«Жоғарғы сот тарапынан кәмелетке толмаған қызды өлтірген күдіктіге қатысты үстіміздегі жылдың мамыр айында заңсыз үкім шығару фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату туралы мәселе қозғалды», делінген ақпаратта.
Бұған дейін, Сарыағаш аудандық сотының судьялары көршісін балтамен ұрып, Қылмыстық Кодекстің 106 бабы- қасақана ауыр дене жарақатын салу бойынша істі болған күдіктіні үйқамаққа алу, кейіннен бостандығын шектеу туралы үкім шығарғаны хабарланған болатын. Ақпарат құралдары адамға қасақана ауыр дене жарақатын салған сотталушыға қатысты сот үкімдерін шығарған судьядардың аты-жөнін жариялаған еді. Істі қарап, үкім шығарған судья Айгүл Малаева. Ал, оның үкімін өзгертіп, бостандығын шектеу туралы шешімді Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрғазы Шетенов қабылдаған.
Сотталушы бұрын адам өлтіргені үшін 10 жыл жазасын өтеп келген. Ал, 13 шілде оның 5 жасар қызды өлтірді деп күдіктеліп отырғаны хабарланды.
Қоғамда резонанс тудырған бұл іске Президент те назар аударған болатын. Ақорда баспасөз қызметі адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін күдіктіге қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылғанын жазды.
«Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды», деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған болатын.