Білім саласында мемлекетке 8 млрд теңге шығын әкелген 102 іс тергеліп жатыр

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы білім беру саласындағы жүйелі проблемаларды ашты, елімізде бұл салаға қатысты 102 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл жайлы Агенттіктің Төрағасы Асхат Жұмағали 6 айдың қорытындысы бойынша алқа отырысында айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің негізгі бағыттарының бірі ретінде Жемқорлық тәуекелдерінің картасы қолданылған. Бұл картаны іске асыру негізінде жемқорлық тәуекелдеріне қатысты білім беру саласына сыртқы талдаулар жүргізілген.

«Біз үшін «адам орталықтылығы» қағидаты басымдыққа ие. Мемлекеттік органдар азаматтардың өмірін жақсартуға баса назар аударуы тиіс. Осыған сүйене отырып, Агенттік жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі қайта қарады. Жемқорлық тәуекелдерінің карталары басты бағдар болды», дейді Асхат Жұмағали.

Тәуекелдерді анықтау кезінде білім беру саласында ауқымды жемқорлыққа жағдай жасайтын жүйелі проблемалар анықталған. Агенттіктің интеграцияланған талдауды пайдалануы негізінде жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берген. Соның арқасында бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау шеңберінде білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылған. Бүгінгі күні Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Агенттік төрғасы мектеп директорлары мен бухгалтерлері бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылықпен және басқа мәліметтер базасымен интеграциялаудың жоқтығын пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырғанын айтты.

«Бүгінгі таңда еліміз бойынша алдын ала 7,9 млрд теңге шығынмен білім беру саласында 102 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы, талдау нәтижелерімен әртүрлі салаларда жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 1100-ден астам ұсынымдар әзірленді, бүгінде олардың 33%-ын мемлекеттік органдар орындады», дейді Агенттік өкілі.

Антикордың мәліметінше, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

Сондай-ақ оқыңыз