Егін алқаптарының 40%-ға жуығының жай-күйі нашар – Қазақстан ғарыш сапары
«Қазақстан ғарыш сапары» егіс дақылдарының жай – күйіне жүргізілген спутниктік бағалау нәтижелерін жария етті. Ақпаратқа сәйкес, бағалау жай–күйдің бес санаты бойынша берілген: өте нашар, нашар, қанағаттанарлық, жақсы, өте жақсы.
Сонымен қатар, «Қазақстан ғарыш сапары» жай-күйі нашар және өте нашар деп бағаланатын дақылдар анықталған жағдайда өнімділіктің төмендеуіне немесе оның толық болмауына әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Бұл бағалау көрсеткіші 39,3% пайызды құрапты.
«2023 жылғы 10 шілдедегі жағдай бойынша ҚР дәнді ауыл шаруашылығы дақылдарының егілген алқаптарының ауданының жай–күйі ЖҚЗ деректері бойынша бағалануы: өте жақсы – 1 059 681,15 га (дәнді ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданының 6,4%), жақсы – 2 052 346,0 га (12,4%), қанағаттанарлық – 6 910 060,5 га (41,9%), нашар – 4 333 005,2 га (26,3%), өте нашар – 2 129 328,2 га (13%)» делінген хабарламада.
Өсімдік шаруашылығының ғарыштық мониторингінің нәтижелері бойынша ақпарат АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментіне беріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев күннің ыстық болуы елдегі егінге әсер етпейтінін мәлімдеген.
«Маусымда температура деңгейі өте жоғары болды. Бұл – жылдық орташа нормадан жоғары. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, астық егетін өңірлерде жауын-шашын жауады деген болжам бар. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргіздік. Содан кейін ылғал қоры жақсы болды», – деген еді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар, «Астық мәмілесі» аяқталғаннан кейін, шетелдік сатып алушылардың қазақстандық бидайға деген қызығушылығы артқанын жазған едік. KazGrain ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Зейнолла Әбдіманапов, бір-екі апта бұрын сұраныс болмағанын, алайда 18 шілдеде Ресей астық келісімінен шыққан кезде, Орталық Азияда, атап айтқанда Өзбекстанда қазақстандық бидайға қатысты белгілі бір қызығушылық пайда болғанын мәлімдеген болатын. KazGrain басшысының айтуынша, бидайдың экспорттық бағасы да аздап өскенін айтқан.