Екінші деңгейлі банктер шетелдіктерге ЖСН бермейтін болды – Бағдат Мусин

Жарияланды
Фото: shutterstock

Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағат Мусин «Amanat» фракциясы депутаттарының сауалына берген жауабында, шетелдіктерге ендігі жерде ЖСН банктер арқылы берілмейтінін жазды.

«ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің келісімі бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы ЖСН беру жөніндегі уақытша шешім іске асырылды және екінші деңгейдегі банктер арқылы ЖСН беру
жөніндегі қызмет түрі бүгінгі күні атқарылмайды», делінген жауапта.

«Amanat» фракциясының депутаттары Бас прокурор, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Цифрлық даму министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында шетелдіктердің ЖСН-ді Қазақстан аумағына кірмей ақ, ақылы түрде алуына болатыны туралы әлеуметтік желілерде хабарламалардың пайда болғанына қоғам тарапынан наразылық туғанын айтқан болатын.

«Интернет желісінде Қазақстан аумағынан шетел азаматтары үшін Қазақстанның ЖСН қашықтан ресімдеу қызметтерін көрсету бойынша мамандандырылған сайттарға сілтемелер қолжетімді. Оларда 1-ден 3 күнге дейін қазақстандық ЖСН алуға болатындығы туралы толық ақпарат бар.
Сайттан Телеграм ботқа көшу кезінде Қазақстанға келудің қажеті жоқтығын, басқа елден шықпай-ақ ЖСН алуға болады деген ақпарат шығады», делінген еді сауалда.

Бағдат Мусин өз жауабында 2022 жылғы 3-тоқсанның соңында ЖСН алуға өтініш берген Ресей азаматтары санының өскенін, соған байланысты ХҚКО жүктеменің шамадан тыс көп болғанын атап өтіпті. Осы мәселені шешу үшін, Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, БҚО, Атырау, СҚО және Павлодар облыстарындағы елді мекендерді қоса алғанда,шетелдік азаматтарға ЖСН қалыптастыру бойынша қызмет көрсету үшін қосымша қызмет көрсету нүктелері ашылған. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер арқылы ЖСН беру жөніндегі уақытша қызмет іскер асырылған.

«Мемлекеттік корпорацияның деректері бойынша құжаттарды қабылдау бойынша талаптарды бұзу фактілері жоқ», дейді Бағдат Мусин

ЖСН алу статистикасына келсек, мемлекеттік корпорация арқылы:
2021 жылы ЖСН алуға 14 791 ресейліктен өтініш түскен, оның ішінде 333 адам сенімхат бойынша; 2022 жылы жалпы түскен өтініштердің 59,7%-ы Ресей азаматтарына тиесілі болған, 280 983 адам, сенімхат бойынша 4 178 адам;
2023 жылы 142 581 өтініш түссе соның ішінде 109 852 немесе 61,8%-ы Ресей азаматтарынан, сенімхат бойынша 2 393 адам.

ЖСН – жеке тұлға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр. Оның мақсаты сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде және мемлекеттік органдар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің ақпараттық
жүйелерінде белгілі бір жеке немесе заңды тұлғаға (филиал мен өкілдікке) қатысты мәліметтерді сақтау.

Бағдат Мусин сонымен қатар, шетелдік азаматты сәйкестендіру оның ұлттық паспорты немесе заңнамада белгіленген өзге де құжат негізінде жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтті.

«Банк карточкасын алған кезде банк қызметкері клиентті ақпараттық жүйелерде есепке алу мақсаттары үшін талап етілетін ЖСН бойынша емес, оның жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша сәйкестендіреді», деді Цифрлық даму министрі.

Сондай-ақ оқыңыз