Еліміздегі барлық балалар лагері тексеріледі – Бас прокуратура
Фото: kursiv.media
Прокуратура еліміздің барлық балалар лагерін тексереді. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметі Алматы қаласының прокуратурасы «саунамен бір үй-жайда балалар лагерін» ұйымдастыру кезінде кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі өкілеттіктерді теріс пайдалану және міндеттерді орындамау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталғанын хабарлады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 848 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жекеменшік, 630 – шатырлы лагерь бар. Сондай-ақ, биыл маусым айында 10216 мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасады.
«Жазғы кезеңді және балалардың құқықтарының ықтимал бұзылуын ескере отырып, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша аумақтық прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп мемлекеттік, жеке және шатырлы лагерьлердің қызметін тексеруге кірісті. Сонымен бірге балалардың тұратын орны, онда санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілу жағдайы да тексерілетін болады», делінген хабарламада.
Сонымен бірге 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері де зерттеледі.
Еске сала кетсек, 17 шілде күні балаларды саунаға лагерьге жіберген Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалды. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді. Шулы оқиғадан кейін қалалық білім басқармасы лагерь қызметін ұсынған «БелРичи» ЖШС-ін адал емес жеткізуші деп танитынын мәлімдеді. Басқарма бұл лагерьге 108 млн теңге төлеу туралы келісімшартқа отырған.