Жаңалықтар

KEGOC Батыс аймақта салынып жатқан 220 кВ транзиттің екі учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтады

«КЕGOC» АҚ Қазақстан энергожүйесінің Батыс аймағында тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін арттыру бойынша инфрақұрылымдық жобаны іске асыруда. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қолданыстағы 220 кВ қосалқы станцияларды кеңейту және 220 кВ «Қарабатан» жаңа тарату қосалқы станциясын сала отырып, ұзындығы 779,7 километр болатын «Орал – Правобережная – Индер – Қарабатан – Құлсары – Теңіз» 220 киловольт транзитінің екінші тізбегін салу болжанып отыр.

Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 300 км болатын «Орал- Правобережная» және «Индер – Қарабатан» екі учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды.

Құны 50,172 млрд. теңге болатын жоба компанияның өз қаражаты есебінен іске асырылуда. Жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.

Жобаны толық іске асыру қолданыстағы транзиттің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан БЭЖ-і Батыс аймағының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін едәуір арттырады.

Жобаның әлеуметтік маңызына тоқталатын болсақ, құрылыс кезінде 100-ге жуық арнайы техника мен 300 мердігер ұйымдардың қызметкерлері жұмысқа тартылды. Ал жоба пайдалануға берілгеннен кейін 23 адам тұрақты жұмысқа қабылданатын болады. Сонымен қатар, жобаны іске асыру кезінде отандық өндірістің материалдары мен жабдықтары кеңінен қолданылуда.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы батыстағы апатқа кінәлілер жауапқа тартылғаның айтқан.

«Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету. Сонымен қатар мына мәселелерге назар аудару қажет. Біріншіден, Маңғыстау облысының әкімдігі энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауы керек. Екіншіден, Энергетика министрлігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Үшіншіден, Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қойсын, – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, МАЭК-те болған апат себебін тексеруге ҰҚК мен Бас прокуратура атсалысатын болған.