Өткен жылы Ресейден Қазақстанға 1,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған. Алайда, бұл 2021 жылға қарағанда 20%-ға төмен. Бұл туралы «Шетелдік инвестицияларды тарту» жөніндегі брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді.
«Ресми инвестиция ағыны қысқарып келе жатыр. Алайда, Ресейден қоныс аударған компаниялардың саны ұлғайып келеді. Бұл шағын және орта бизнес, ірі компаниялар және бірінші кезекте батыс компаниялары», деді Алмас Айдаров.
Оның айтуынша, ресейлік нарықтан 400 ге жуық компания қоныс аударуға ниет танытқан. Дегенмен, көптеген компаниялар Ресейден көшуге қатысты өздерінің жоспарын ашық жарияламауды сұрайтынын атап өтті Алмас Айдаров. Өйткені, олардың бірқатары жария компаниялар, акциялары қор нарықтарында саудаға шығарылған. Сондықтан, жоспардың жария болуы олардың қоныс аударуына қатысты қиындық тудыруы мүмкін және акцияларының бағасына да ықпал етуі ықтимал.
«72 компания Ресейден Қазақстанға қоныс аударуға қатысты оң жауап берді. 29 компания елімізге қоныс аударуды аяқтады», Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Ал, «Kazakh invest» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мейіржан Юсупов бұл тізімдегі «нақты компаниялар» екенін атап өтті.
«Олар ең алдымен көшуге шешім қабылдайды. Содан кейін барып, нақты қоныс аударатын өңірді іздей бастайды. Ол Қостанай облысы, шекара маңындағы жерлер, Астана қаласы, тіпті кейде Алматыға қоныс аудару мәселесін қарастырып жатады», деді Мейіржан Юсупов.
Айта кету керек, сәуір айының соңында «Курсив» басылымы Ресейден компаниялардың қоныс аударуы мәселесіне қатысты сараптамалық материал жария еткен болатын. Онда Сыртқы істер министрлігі тарапынан берілген ақпарат осы бағытта жасалып жатқан жұмысқа қатысты ақпарат берілген еді.
«Бүгінгі таңда әлемнің 38 елінен 401 ірі компанияның тізімі құрылды. Оның ішінде 66 компания бойынша нақты келіссөздер жүргізілуде, қазірдің өзінде 24 компания Қазақстанға қоныс аударды. 21 компания пысықталу үстінде. 21 компанияның келешегі бар деп есептеледі», делінген СІМ хабарламасында.