Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі – Тоқаев

Жарияланды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен кездесті.

Кездесу барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстан Сауд Арабиясының Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайту үшін мол әлеует бар. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция, энергетика, «жасыл» энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 18-19 шілдеде «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапарымен барған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз