«Төтенше» жемқорлық: комитет төрағасы және департамент басшылары күдікке ілінді

Жарияланды

Төтенше жағдайлар министрлігінде лауазымды тұлғалар жемқорлық бойынша күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған министрлікпен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кескенін хабарлады.

Атап айтқанда, ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді.

Ақпаратқа сәйкес, олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деп күдіктенеді. Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

«Бұдан басқа, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатыстығы тексерілуде.

Бұған дейін, Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Ізбасаров ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз