ҰҚК Атырау облысында заңсыз көші-қон арнасын анықтады
Фото: kursiv.media
Атырау облысында заңсыз көші-қон арнасы анықталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
«2023 жылғы 17 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабының 2-тармағы бойынша (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс бойынша жан-жақтылық, толықтылық пен объективтілікті қамтамсыз етуге бағытталған бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс бойынша ешкім ұсталмаған.
Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында ҰҚК қызметкерлері мұнай-газ саласындағы шетелдік мамандарға жұмыс істеуге рұқсат беретін барлық рекрутингтік компанияларды тексеріп жатқаны туралы ақпарарт тараған. Атап айтқанда, комитет Атырау қаласындағы шетелдіктерге берілетін құжаттардың заңдылығын тексере бастаған. Сондай-ақ, бұл компаниялардың кеңсесінің маңынан арнайы жасақ сарбаздарын көргендер бар. Бізге жеткен мәлімет бойынша, тексеру Tenaz, Expertise, Air Energy және т.б. рекрутингтік компанияларына қатысты жүріп жатыр.